Тоқаев: Кипр бизнесі Қазақстанға қызығушылық танытып отыр
Тоқаев Қазақстанда инвесторларға қолдау көрсетудің кешенді жүйесі бар екенін айтып, Кипр бизнесінің елге қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кипрдің бизнес өкілдерінің Қазақстанға қызығушылық танытып отырғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бізде инвесторларды қолдаудың кешенді жүйесі жұмыс істейді. Оның ішінде Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі, инвестицияларды сүйемелдеуге арналған арнайы жұмыс тобы және ұлттық цифрлық «бір терезе» платформасы бар. Сіздің компанияларыңыз инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында Қазақстан Үкіметінің нақты қолдауына сүйене алады, - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр Республикасының президенті Никос Христодулидиспен өткен келіссөзде.
Айтуынша, екі ел арасындағы парламентаралық ынтымақтастық саяси-құқықтық негіз қалыптастыруға жол ашады.
Парламентаралық ынтымақтастық елдеріміз арасындағы байланысты нығайтатын тұрақты саяси-құқықтық негіз қалыптастырады. Біздің депутаттар сіздердің парламент мүшелерімен тығыз байланыста болуы керек деп есептеймін. Жоғарыда айтқанымдай, биыл жазда Қазақстанда парламент сайлауы өтеді. Сондықтан екі парламент арасындағы дәстүрлі ынтымақтастық алдағы уақытта да жалғасатынына сенімдімін, - деді Президент.
Сондай-ақ Тоқаеев дипломатиялық қағидатқа да тоқталды.
Біздің елдеріміз сындарлы дипломатияны, БҰҰ Жарғысын құрметтеуді және тұрақтылықты диалог арқылы қамтамасыз ету қағидатын қолдайды. Сонымен қатар біз Біріккен Ұлттар Ұйымы мен ЕҚЫҰ аясында да еліңізбен сындарлы ынтымақтастық орнатқанбыз. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында Қазақстан мен Кипр арасындағы достық байланыстар алдағы уақытта да нығайып, дами беретініне сенімдімін, - дейді Мемлекет басшысы.
Еске салайық, бұған дейін елордада Қазақстан-Кипр келіссөздері басталғаны туралы жаздық.
Сондай-ақ, Президент «Саяси ерік-жігер нақты нәтижеге айналуы керек» – деп Кипрмен байланыс туралы айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астана-Ларнака бағыты ашылғанын да атап өтті.
AI, логистика, туризм: Қазақстан мен Кипр үшін басым салалар қандай екені хабарланды.