18 Мамыр 2026, 20:57 Фото: Игорь Коваленко / ЕРА / ТАСС

Ташиевтің өзі келмеді: Қырғызстанда экс-шенеунікке қатысты құпия сот басталды

Бішкекте экс-ҰҚМК басшысына қатысты жабық сот өтті. Адвокаттардың өтініші қабылданбай, Ташиевтің неге келмегені қызу талқылануда.

Сот отырысы Бішкектің Первомай аудандық сотында өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.

Ташиев сотқа келмеді

Сот отырысы Қамшыбек Ташиевтің қатысуынсыз өтіп жатыр. Оның не себепті келмегені ресми түрде айтылған жоқ.

kaktus.media басылымының мәліметінше, адвокаттар қамауда отырғандарға қатысты бұлтартпау шарасын өзгертіп, оларды үйқамаққа ауыстыруды сұраған. Сонымен қатар қорғаушылар іс материалдарының құпиялығын алып тастап, сот процесін ашық өткізуді талап еткен.

Алайда сот бұл өтініштердің барлығын қанағаттандырмады. Сот отырысына Бекболот Талғарбеков жеткізілмеген.

Ал Құрманқұл Зулушев пен Нұрланбек Тұрғынбек уулу сотқа келген.

Келесі сот отырысы 21 мамырға сағат 10:00-ге белгіленді.

Ташиев неге сотқа келмеді?

Қырғызстанның әлеуметтік желілері мен БАҚ-та екі болжам талқыланып жатыр: біріншісі – сот әзірге оның қатысуын міндетті деп санамауы мүмкін, екіншісі – ҰҚМК-ның бұрынғы басшысы денсаулығына байланысты келмеген болуы ықтимал.

Бұған дейін Қырғызстанның Бас прокуратурасы айыптау актісін бекітіп, істі сотқа жолдағаны хабарланған болатын.

Бұрынғы ҰҚМК басшысына қандай айып тағылып отыр?

Адвокат Икрамидин Айткуловтың айтуынша, Ташиевке билікті күшпен басып алуға дайындалу және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану баптары бойынша айып тағылған.

Онымен бірге бұл іс бойынша бұрынғы бас прокурор Құрманқұл Зулушев, экс-спикер Нұрланбек Тұрғынбек уулу және өзге де тұлғалар жауапқа тартылып жатыр.

Процесс жабық режимде өтуде

Қылмыстық іске «құпия» белгісі берілгендіктен, сот отырыстары жабық форматта өтіп жатыр.

Процеске қатысушыларға тергеу материалдары мен сот талқылауының егжей-тегжейін жариялауға тыйым салынған.

Еске салайық, бұған дейін Қырғызстанда Ташиев пен тағы екі экс-шенеунік мемлекеттік төңкеріс әрекеті бойынша тергеліп жатқаны хабарланды

Қамшыбек Ташиевке екі бап бойынша айып тағылды.

Тағы оқи отырыңыз: Қырғызстанда ҰҚК бұрынғы төрағасы Қамшыбек Ташиевтің ісі сотқа жолданды 

"Президенттің ең жақын серігінен – сатқындыққа дейін": Қамшыбек Ташиев жайлы не белгілі?