- Мұқаба
- Жаңалықтар
- "Президенттің ең жақын серігінен – сатқындыққа дейін": Қамшыбек Ташиев жайлы не белгілі?
"Президенттің ең жақын серігінен – сатқындыққа дейін": Қамшыбек Ташиев жайлы не белгілі?
2026 жылы Қамшыбек Ташиевтің күтпеген жерден қызметтен кетуі ел ішіндегі үлкен өзгерістің белгісі ретінде қабылданды.
Бүгiн 2026, 17:17
Қамшыбек Ташиев – соңғы онжылдықтағы Қырғызстан саясатындағы ең ықпалды әрі даулы тұлғалардың бірі. Ол тек күштік құрылым басшысы емес, елдегі нақты биліктің екінші орталығы ретінде танылды. Президент Садыр Жапаровпен бірге 2020 жылдан кейінгі Қырғызстанның саяси жүйесін қалыптастырған тандемнің мүшесі болды. Алайда 2026 жылы оның күтпеген жерден қызметтен кетуі ел ішіндегі үлкен өзгерістің белгісі ретінде қабылданды.
Қамшыбек Ташиев кім?
Ташиев 1968 жылы Жалал-Абад облысындағы Барпы ауылында туған. Бұл – Қырғызстанның оңтүстігі, дәстүрлі түрде ықпалды кландық және аймақтық саясат қалыптасқан өңір. Ол инженерлік және заңгерлік білім алған. 1990-жылдары кәсіпкерлікпен айналысып, кейін саясатқа келді.
Қырғыз саясатында оның басты тірегі – оңтүстік электорат. Елдегі солтүстік-оңтүстік бөлінісі саясатқа қатты әсер ететінін ескерсек, Ташиевтің күшеюі тек жеке карьера емес, аймақтық элитаның қайта көтерілуі болды.
Билікке қалай келді?
Ташиев алғаш рет ел алдында 2000-жылдары көріне бастады. Ол төтенше жағдайлар министрі қызметін атқарды. Кейін парламентке өтті, ұлтшыл-популистік риторикасымен танылды.
Оның шынайы күшеюі 2020 жылғы Қырғызстандағы саяси дағдарыс кезінде басталды. Парламент сайлауынан кейінгі жаппай наразылықтан соң түрмеде отырған қазіргі президент Садыр Жапаров босатылды. Сол кезеңде Ташиев оның негізгі саяси серігіне айналды.
Жапаров уақытша президент болған соң Ташиевті Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы етіп тағайындады. Осы сәттен бастап елдегі негізгі репрессиялық және ықпал тетіктері оның қолына өтті.
Ташиевтің ықпалы
2020-2026 жылдары Ташиев арнайы қызметті басқарды, үкімет басшысының орынбасары болды, кадр саясатына әсер етті, бизнес элитаға қысым жасай алатын тұлғаға айналды. Көп сарапшы оны "елде президенттен кейінгі екінші адам" деп атады.
Қамшы Көлбаевтың өліміне қатысы бар ма?
Қамшы Көлбаев (Камчы Кольбаев) - Орталық Азиядағы ең белгілі қылмыс серкелерінің бірі саналды. АҚШ оны халықаралық есірткі желісімен байланыстырған.
2023 жылы Көлбаев Бішкекте арнайы операция кезінде өлтірілді. Ресми нұсқа бойынша, қауіпсіздік күштері оны ұстау кезінде Көлбаев қарсылық көрсеткен. Операцияны дәл Ташиев басқаратын қауіпсіздік қызметі жүргізді. Сондықтан қоғамда Көлбаевтың жойылуы Ташиевтің жеке саяси акциясы ретінде қабылданды.
Сарапшылар осылайша Ташиев ұйымдасқан қылмысқа соққы жасаған «қатал реформатор» образын күшейтіп, қылмыс әлемімен байланысты ықпал топтарын әлсіретіп, күштік блоктың Ташиевке толық бағынатынын көрсеткенін айтады.
Алайда сыншылар мұны билік ішіндегі экономикалық ықпал үшін күрес деп бағалады. Тікелей Ташиев "өлтіруге бұйрық берді" деген дәлел жарияланған жоқ, бірақ операция ол басқаратын құрылым арқылы жасалғаны анық.
Неге биліктен кетті?
2026 жылғы ақпанда Қырғызстанда күтпеген оқиға болды. Президент Жапаров Ташиевті барлық негізгі қызметінен күтпеген жерден босатты. Бұл шешім Қырғызстанда саяси "сенсация" болды. Себебі олар бірнеше жыл бойы ажырамас "дос" еді.
Ресми себептер толық айтылмады. Бірақ сарапшылар бірнеше нұсқа айтаны алға тартты.
Біріншіден, Ташиев тым күшейіп кетуі мүмкін. Яғни оның беделі, әсіресе оңтүстікте, президентпен бәсекелес деңгейге жетті. Мұндай жағдайда Жапаров билікті бір қолға шоғырландыруға кіріскен болуы мүмкін.
Екіншіден Ташиевтің кландық ықпалы арта бастады. Оның туыстары мен жақындарының ықпалы туралы сын көп болды. Бұл президентке қауіп ретінде қабылдануы ықтимал.
Ішкі элита қақтығысы. Билік ішіндегі топтар арасында ресурстар мен кадрларға талас күшейген болуы мүмкін.
Сыртқы қысым. Қырғызстанға Ресейге санкцияны айналып өтуге көмектесті деген халықаралық қысым күшейген тұста кадрлық өзгерістер де назар аудартты.
Қызметтен кеткеннен кейін не болды?
Қызметтен алынған соң Ташиев біраз уақыт Германияда жүргені хабарланды. Кейін елге оралып, тергеу органдарында куәгер ретінде сұралғаны туралы ақпарат тарады.
Бұл оның толық саяси иммунитеттен айырылғанын көрсетті.
Ал бүгін Қырғызстан Ішкі істер министрлігінде Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Камшыбек Ташиев, экс-депутат Курманкул Зулушев және Жогорку Кеңештің бұрынғы төрағасы Нурланбек Тургунбек уулу жауапқа тартылғаны белгілі болды. Олар жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру және мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетіне қатысты істер аясында бірнеше сағат бойы тергелген. Кейін олар ведомство ғимаратынан шыққан.
Бірақ Қамшыбек Ташиев өзіне қарсы қозғалған қылмыстық іске пікір білдірді.
Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің бұрынғы төрағасы өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалуына байланысты қоғамға үндеу жасауға мәжбүр болғанын айтты. Оның сөзінше, таңертең өзіне айып тағылғаны туралы ақпарат тарағаннан кейін көп адам алаңдаушылық білдірген.
Бұл қылмыстық іс бойынша өзімді заң аясында толық қорғауға мүмкіндігім бар. Мен кінәсізбін және құдай қаласа, ақталамын, - деді Ташиев.
Оның адвокаты экс-саясаткерге ресми түрде айып тағылмағанын атап өтті.
Ресми түрде айып тағылған жоқ, ал бұрынғы саясаткерлер дәл осындай айыптар тағылуы мүмкін іс аясында жауап алуға шақырылған, - деп түсіндірді адвокат Kaktus.media-ға.
Қамшыбек Ташиев – Қырғызстандағы постреволюциялық дәуірдің ең ықпалды тұлғаларының бірі. Ол көше саясатынан арнайы қызмет басшылығына дейін көтерілді. Қамшы Көлбаевтың көзін жою арқылы ықпалын көрсетті. Бірақ ақырында өзі құрған жүйенің ішкі бәсекесінің құрбанына айналғандай әсер қалдырды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қырғызстанда Ташиев пен тағы екі экс-шенеунік мемлекеттік төңкеріс әрекеті бойынша тергеліп жатыр.
Ең оқылған:
- Алматы-Ақтөбе пойызында қайғылы жағдай: 60 жастағы жолаушы көз жұмды
- "Мұғалімдер қайтадан құл болады": Ұстаздар мектеп бюджетінің ауданға өтуінің қаупін айтты
- "4 сағат үйінді астында жатқан": Абай облысында зардап шеккен кеншінің жағдайы белгілі болды
- Әскери саладағы жеңілдіктер мен төлемдер: Сыйақы, жалақы, 425 000 теңгеге дейінгі материалдық көмек
- Түркістан облысында атасы немересін зорлады деген іс бойынша тергеу басталды
Сымбат Сатыбалдина