Таразда есігі жоқ көлікпен жүрген жүргізуші жазаланды
Жүргізуші көлігін жөндеу орнына жеткізбек болған. Алайда эвакуатор шақырудың орнына өзгеше шешім қабылдаған.
Тараз қаласында патрульдік полицейлер алдыңғы сол жақ есігі жоқ Volkswagen автокөлігін тоқтатты. Жүргізуші көлікті жөндеу орнына жеткізбек болған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің мәліметінше, ерекше автокөлік Төле би даңғылымен қозғалып бара жатқанда патрульдік полиция қызметкерлерінің назарына іліккен.
Тексеру барысында көліктің ұзақ уақыт бойы бір орында тұрғаны анықталды. Жүргізуші оны техникалық қызмет көрсету станциясына жеткізуді жоспарлаған. Алайда эвакуатор шақырудың орнына есігі жоқ көлікпен жолға шығуды жөн көрген.
Полицейлер мұндай жағдайда көлік жүргізу жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіретінін ескертті.
Есігі жоқ автокөлікпен жүру жүргізушінің өзіне ғана емес, жол қозғалысының басқа қатысушыларына да қауіп төндіруі мүмкін, – деп хабарлады ведомство.
Оқиға нәтижесінде жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Осыған байланысты Жамбыл облысының Полиция департаменті техникалық ақауы бар автокөліктерді жөндеу орнына қауіпсіз тәсілмен жеткізу қажеттігін еске салды. Егер көлік қауіпсіздік талаптарына сай келмесе, эвакуатор қызметін пайдалануға кеңес берді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, жол ережесін бұзғанын тікелей эфирде көрсеткен екі шымкенттік қамалды. Екі 18 жастағы жігіттің әлеуметтік желідегі әрекеті полиция назарынан тыс қалмады.
Тағы оқи отырыңыз: Пойыздың өткенін күтпеді: Таразда BYD жүргізушісі өрескел заң бұзды
Петропавлда жүріп келе жатқан көліктен секіріп кеткен қызды басқа көлік қағып кетті