13 Қазан 2026, 18:51 Фото: istockphoto.com

СҚО-да мектеп бухгалтері мен мұғалімі 89 млн теңге жымқырғаны үшін сотталды

Прокуратура органдары бюджеттік қаражатты жұмсау саласындағы заңдылықтың сақталуын қадағалауды тұрақты негізде жүзеге асырады.

Петропавлда 89 млн теңге бюджет қаражатын иемденген мұғалім мен бухгалтер 7 және 8 жылға сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қадағалау қызметі шеңберінде Петропавл қаласының №42 орта мектебінің бухгалтері жасаған бюджеттік қаражатты жүйелі түрде жымқыру фактілері анықталды.

Аталған лауазымды тұлғаның 2019 жылғы тамыздан 2024 жылғы тамызға дейінгі кезеңде білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне жалпы сомасы 89 млн теңгеге жалақы түрінде ақшалай қаражатты заңсыз аударғаны, оның ішінде мектеп мұғалімдерінің бірінің араласуымен 25 млн теңге мөлшерінде залал келтірілгені анықталды, - деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының баспасөз қызметі. 

Анықталған бұзушылықтар бойынша Петропавл қаласының прокуратурасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Петропавл қалалық сотының 25.05.2026 жылғы үкімімен мектеп мұғалімі мен бухгалтер аталған құқық бұзушылықты жасауда кінәлі деп танылып, 10 жыл мерзімге материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 7 және 8 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды (заңды күшіне енген), - деп хабарлады прокуратура өкілдері. 

Облыс прокуратурасы бюджеттік қаражатты пайдалану саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыруда.

Айта кетейік, бұған дейін Қазалыда балабақша есепшісі өз шотына миллиондар аударғаны анықталды. 

Тағы оқи отырыңыз:

СҚО-да бюджет ақшасын жымқырған әкімдік бухгалтерлеріне сот үкімі шықты

Мектеп директорының ЭЦҚ-сын алып, 300 млн теңгеден астам қаржы жымқырған бухгалтерлер сотталды

3 млн теңгеден астам ақша бопсаланған: Павлодарда алты күдікті қолға түсті