Шерзат ісі: Сотталғандар бостандыққа мерзімінен бұрын шығуы мүмкін бе?

Шерзат Болат ісі бойынша сотталғандардың мерзімінен бұрын шартты босауы туралы сұраққа жәбірленуші тараптың құқығын қорғаған адвокат Мейірман Шекеев жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, Қылмыстық кодексте аса ауыр бап бойынша мерзімінен бұрын шартты босау өзгеше қарастырылған.

Олар (сотталушылар – ред.) ондай өтінішхатпен (сотқа – ред.) жүгінуі мүмкін. Олар мерзімінің жартысын өтеуі қажет. Себебі бұл – аса ауыр қылмыс. Сонымен қатар азаматтық талапты қанағаттандырулары тиіс. Қаржаубай (марқұм Шерзат Болаттың әкесі – ред.) "Маған ақша қажет емес, олар толықтай жазасын өтеп шыққаны керек" деді. Біз азаматтық талапты бірдей тәртіппен өндіріп алу туралы өтініш білдірдік. Яғни бір тараптың ақшасы болып, моральдық өтемақыны қанағаттандырғанымен екінші тараптың ондай мүмкіндігі болмаса, олар шыға алмайды, - деп түсіндірді адвокат.

Сондай-ақ айыпталушылар жәбірленуші тараптан рұқсат сұрауы қажет.

Ауыр қылмыс болғандықтан олар жәбірленуші тараптан (мерзімінен бұрын шартты түрде босап шығу үшін – ред.) рұқсат сұраулары керек. Соңғы шешімді сот қабылдайды. Материалдарды зерттеп, бәрін қарайды, - деді Мейірман Шекеев.

Еске салайық, Талдықорғанда жасөспірім Шерзат Болаттың өліміне қатысты атышулы іс бойынша сот үкімі шықты.

Сотталушылар Шерзат Болаттың отбасына моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Бұған дейін марқұм Шерзат Болаттың әкесі әр сотталушыдан 20 млн теңге өтемақы талап етті.

Тараптардың жарыссөзі кезінде мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай "Шерзат тірі болуға лайық еді" деп мәлімдеме жасады.

Сондай-ақ Шерзаттың анасы ұлын өлтіргендерді өмір бойына бас бостандығынан айыру қажеттігін айтты.

Ал прокурорлар сотталушыларға 23 жылға дейін жаза беруді сұрады.

Сонымен қатар  куәгер Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелдінің әрекетіне байланысты жеке қаулы шығару сұралды. Олар "Жалған айғақ берді" деген күдікпен жауапқа тартылуы мүмкін.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы