20 Тамыз 2026, 13:19 Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

«Қызым, қайта хабарласам дедің ғой»: Сотта Ұлдана Мырзуанның анасы жылап қалды

Салима Омарова сотта 2025 жылғы 8 қарашада қызы Ұлданамен соңғы рет қалай сөйлескенін айтып берді.

Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы Салима Омарова қызының қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша сотта жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Салима Омарова сотта қазақ тілінде жауап беріп, 2025 жылғы 8 қарашада қызы Ұлданамен соңғы рет қалай сөйлескенін айтып берді.

Тұрмыстамын. Ұлдананы қосқанда үш қызым бар еді. Түркістан облысының Жетісай ауданынанбыз. Қазір Астанада тұрамын, – деді Салима Омарова.

Оның айтуынша, 8 қараша күні таңертең Ұлданамен видеоқоңырау арқылы сөйлескен. Сол күні өзі Шымкентке баруы керек болған.

Сол күні Шымкентке баруым керек еді. Видеоны сөндіріп сөйлесейік дедім. Ол қазір бір шақыртуға шығатынын айтты. Мен қызыма әр шақырту сайын хабарласып отыруын сұрайтынмын. Ол барған жері туралы айтып, хабарласып тұратын. Сол күні қайда бара жатқанын нақты айтпады. Шақыртуға бара жатқан кезде көбірек сөйлесейікші деді, – деді ол.

Салима Омарова сол уақытта дүкенге азық-түлік алуға асығып тұрғанын айтты. Ауылда дүкен алыс болғандықтан, оған жетуге шамамен 20-30 минут кететін болған.

Мен дүкенге барып, азық-түлік алу үшін асығып тұрдым. Дүкенге баруға шамамен 30 минут уақыт керек болды. Қызым шақырту орнына жеткенін, одан шыққан соң маған хабарласатынын айтты, – деді марқұмның анасы.

Алайда дүкенде жүрген кезде оған құдағиы, яғни Әділет Зейнелдің анасы телефон соққан.

Салима Омарованың айтуынша, құдағиының дауысынан бірден бір нәрсенің болғанын сезген.

Құдағиым хабарласқанда дауысы басқаша болып тұрды. Уайымдап тұрғандай болды. Ол маған Ұлдананың үстіне дүкеннің қабырғасы құлап кеткенін айтты. Мен жаңа ғана қызыммен сөйлестім ғой деп абдырап қалдым, – деді ол.

Одан кейін Салима Омароваға үлкен қызы да телефон шалып, ауруханаға тезірек жетуін сұраған.

Құдағиымнан кейін үлкен қызым хабарласып, ауруханаға тезірек келуімді айтты. Абдырап, дүкенде отырып қалдым. Жан-жағымдағы адамдар су әкеліп, есімді жинауға көмектесті, – деді Салима Омарова.

Ол дереу үйіне барып, Астанаға жетуге әрекет жасаған.

Дереу үйге келіп, таксимен шығып кеттім. Ұшаққа билет алып, кешкі сағат 8 шамасында бірден ауруханаға жеттік, – деді ол.

Ауруханаға барған кезде оны балалары, Әділет және оның анасы күтіп алған.

Алайда Салима Омарованың айтуынша, ол кезде қызының нақты жағдайын ешкім ашып айтпаған.

Менің сұрағыма ешкім жауап бере алмады. Операция жасалғаннан кейін мені бірден кіргізбеді. Жансақтау бөлімінің алдында күтіп отырдық. Маған қызымның жағдайын ешкім ашып айтпады, – деді ол.

Кейін дәрігерлер ауысымы келген кезде Салима Омароваға қызына кіруге рұқсат берілген.

Маған дәрігерлердің біреуі қызымның жағдайын сұрап, оған кіруге рұқсат берді. Сол кезде кірдім. Ішке кіргенде қызымды бірден таба алмадым. Өйткені ол жерде бірнеше адам жатты. Қайсысы менің қызым екенін түсінбей қалдым. Кейін қызымды таныдым, – деді ол.

Анасы қызының жанына барған сәтін ауыр сезіммен еске алды.

Қызымның жағдайы осындай болады деп үш ұйықтасам да түсіме кірмеген. Мен “қызым, қайта хабарласам дедің ғой” деп айтқым келді. Бірақ оның мені естімей жатқанын білдім. Сыртқа шыққанда өзегім өртенді, – деді Салима Омарова сотта жылап.

Осы кезде сот жәбірленушінің жағдайын ескеріп, сот отырысында үзіліс жариялады.

Судья сот отырысы түскі уақытқа жақындағанын және Салима Омарованың жағдайына байланысты үзіліс жасау қажет екенін айтып, отырысты сағат 15:00-ге дейін тоқтатты.

Сотта бұған дейін Ұлдана Мырзуанның күйеуі Әділет Зейнел де жауап берген. Ол қайғылы оқиға болған күні Ұлданамен таңертең телефон арқылы сөйлескенін, кейін оның ауруханаға жеткізілгенін ішкі телефон арқылы естігенін айтқан.

Сонымен қатар Әділет Зейнел сотта қайғылы оқиғадан кейін отбасыға берілген 20 млн теңге көлеміндегі материалдық көмек туралы айтып, қаражаттың бір бөлігі автокредит пен марқұмның банк алдындағы міндеттемелерін өтеуге жұмсалғанын жеткізді. Оның айтуынша, 4,5 млн теңге Ұлдананың анасына берілген, қалған қаражат жерлеу рәсімдері мен өзге де шығындарға жұмсалған.

Әділет Зейнел қазіргі уақытта сотталушыға ешқандай талабы жоқ екенін айтып, соңғы шешімді сотқа қалдырған.

Қылмыстық іс бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр.

Еске салсақ, Астана қаласының ауданаралық сотында фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты іс бойынша жәбірленуші Әділет Зейнел қайғылы оқиғадан кейін отбасы алған материалдық көмек туралы айтып берді. Оның сөзінше, бұрынғы жұбайы қайтыс болғаннан кейін оларға 20 млн теңге қолма-қол берілген.

Тағы оқи отырыңыз: «Әзіл шығар деп ойладым»: Ұлдана Мырзуанның күйеуі сотта сол күнгі оқиғаны айтып берді 

Ұлдана Мырзуан ісі: Айыпталушының адвокаты сотқа қарсылық білдірді 

Адвокат судьяға қарсылық білдірді: Астана соты өтінішті қанағаттандырудан бас тартты