15 Қазан 2026, 11:49 Фото: ҚТЖ

Қытайдан Еуропаға дейін: Қазақстан халықаралық жүк тасымалының цифрлық жүйесін біріктіруді ұсынды

Қазақстан Қытайдан Еуропаға дейінгі халықаралық көлік дәліздерінде деректер алмасудың ортақ стандарттарын енгізіп, электрондық құжаттарды өзара тануды ұсынады. Бұл жүк қозғалысын бақылауды жеңілдетіп, шекаралардағы рәсімдерді үйлестіруге және жеткізу мерзімінің болжамдылығын арттыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Астанада өткен «NEW SILK WAY» VIII халықаралық бизнес-форумындағы стратегиялық сессияда айтты.

Вице-министрдің сөзінше, халықаралық көлік дәлізінің тиімділігі оның жекелеген учаскелерінің жылдамдығына ғана емес, бүкіл бағыт бойынша ақпарат алмасудың сапасына да байланысты.

Контейнер бүкіл бағыттағы ең баяу учаске қанша уақыт алса, сонша уақыт жүреді, – деді ол.

Осыған байланысты Қазақстан халықаралық серіктестермен бірлескен жұмыстың үш бағытын ұсынады.

Біріншісі – көлік деректерін біріктіру. Ол үшін ортақ стандарттар енгізіліп, Қытайдан Еуропаға дейінгі бағытта электрондық құжаттар өзара танылуға тиіс. Бұл ретте әр мемлекет өз деректерін өзі сақтайды, ал дәлізге қатысушылар жүктің қозғалысы туралы ортақ ақпаратқа қол жеткізе алады.

Екіншісі – жасанды интеллектіні көлік саласының нақты міндеттерін шешуге пайдалану. Қазақстан жұмыс істеп тұрған технологиялық шешімдермен тәжірибе алмасып қана қоймай, оларды көлік дәліздерінің нақты учаскелерінде бірлесіп сынақтан өткізуді ұсынады.

Үшіншісі – халықаралық дәліздердегі цифрлық өзара іс-қимылды дамыту. Бұл шекарадағы рәсімдерді үйлестіруді, тәуекелдерді бағалаудың ортақ тәсілдерін қалыптастыруды және жүк жеткізу жылдамдығы мен мерзімінің болжамдылығына қатысты ортақ мақсаттар белгілеуді қамтиды.

Жәнібек Тайжановтың айтуынша, елдер цифрлық жүйелерді жеке-жеке дамытумен шектелмей, олардың халықаралық деңгейде өзара үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуі керек.

Қазақстан осы бағыттар бойынша серіктес мемлекеттермен бірлесіп жұмыс істеуге және жүк тасымалын жеделдетуге бағытталған ортақ шешімдерді дамытуға дайын.

Айта кетейік, Астанада Қазақстанның Көлік апталығы аясында «NEW SILK WAY» VIII халықаралық бизнес-форумында логистиканың болашағы талқыланып жатыр.

Сондай-ақ, Қазақстан көлік дәліздеріндегі кідірістің басты себебін атады.

Тағы оқи отырыңыз:

Қазақстан жүк тасымалындағы кідірістерді алдын ала болжау үшін жасанды интеллектіні қолданбақ

Бектенов: Көлік инфрақұрылымы халықаралық сауданы кеңейтуге ықпал етеді