Қытайдағы жойқын сел: Тоқаев Си Цзиньпинге көңіл айтты
Сицзандағы жойқын сел адам өмірін қиды. Қазақстан Президенті қаза болғандардың жақындарына көңіл айтып, жоғалған жандарға қатысты тілегін білдірді.
Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге көңіл айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сицзан автономды ауданында болған жойқын селдің салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге көңіл айту жеделхатын жолдады, - делінген Ақорданың хабарламасында.
Мемлекет басшысы жақындарынан айырылған азаматтардың қайғысына ортақтасып, із-түзсіз жоғалған жандардың тез арада отбасына оралуына тілектестігін білдірді.
Еске салсақ, Непал мен Қытайдың Тибет автономиялық өңірі шекарасында кенеттен болған жойқын тасқын салдарынан кемінде тоғыз адам қаза тауып, жүздеген турист із-түзсіз жоғалып кетті. Әлеуметтік желілер мен жергілікті БАҚ-та тараған бейнежазбаларда адамдардың қатты ағысқа ілесіп кеткені көрінеді.
Кейін су тасқынынан соң 400 туристің із-түзсіз жоғалғанын жаздық.
Бұған дейн ҚР Сыртқы істер министрлігі бұл жағдай министрліктің бақылауында екенін айтып, Непалдағы су тасқынынан зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін мәлімдеген болатын.
Ал бүгін белгілі болғандай, Непалдың Расува ауданында болған жойқын су тасқынынан кейін қазақстандық азаматша хабар-ошарсыз кеткендер қатарында. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі BAQ.KZ редакциясының сауалына берген жауабында мәлімдеді.