6 Тамыз 2026, 16:08 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қосшы тұрғыны шымкенттік «емшіге» 9 миллион теңгеге жуық ақша аударған

Қосшы қаласының полицейлері азаматтарды интернеттегі алаяқтықтың жаңа схемалары туралы ескертеді.

Ақмола облысының тұрғыны өзін емші деп таныстырған адамға 9 миллион теңгеге жуық қаражат аударған.

Белгілі болғандай, Қосшы тұрғыны Instagram әлеуметтік желісінде өзін емші ретінде таныстырған әйелмен танысқан. WhatsApp-та сөйлесу барысында қаскүнем емделуге көмектесуге уәде беріп, «тиімді инвестицияларды» ұсынған. Сонымен қатар үй сатып алуға және несиелерді өтеуге көмектесуге уәде берген.

Полициядан мәлімдегендей, уәделерге сенген жәбірленуші 2025 жылғы қазан айы мен 2026 жылғы мамыр аралығында алаяққа 8 миллион 825 мың теңге аударған. Сонымен бірге жәбірленуші күдіктімен ешқашан жеке кездеспеген. Барлық байланыс тек мессенджер арқылы жүрген.

Бұл факт бойынша алаяқтық белгілеріне сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Полицейлер осы қылмысқа қатысы болуы мүмкін Шымкент қаласының тұрғынын анықтады. Қазіргі уақытта оның қатысы сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде тексерілуде, - деп хабарлады Ақмола облысының ПД баспасөз қызметі. 

Полицейлер азаматтарды емделуге, инвестициядан жоғары табыс алуға немесе ақшалай сыйақы үшін қаржылық мәселелерді шешуге көмектесуге уәде беретін әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі бейтаныс адамдарға сенбеуге шақырады.

Еске салайық, бұған дейін Астанада баспана кезегін «жылжытып беремін» деп адамдарды алдаған әйел ұсталды.

Тағы оқи отырыңыз:

Ақтауда Африкадағы алмазға сенген 1000-нан астам салымшы қаржы пирамидасына алданды

Астанада екі көлікті алаяқтықпен иемденген автосалон менеджері сотталды

Threads-тегі алаяқтық: Әскерде "жапа шектім" деп оқырмандардан ақша жинаған астаналық сотталды