25 Қараша 2026, 12:51 Фото: "Қазатомөнеркәсіп"

Омарбековтің ұсталуы: «Қазатомөнеркәсіп» шұғыл мәлімдеме жасады

Компания құқық қорғау органдарына тергеуге көмектесіп жатқанын және 2026 жылға арналған өндірістік жоспарлары өзгеріссіз қалатынын мәлімдеді.

Қазақстанның ірі уран өндіруші компаниясы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма мүшесі болған Қуаныш Омарбековке қатысты тергеу әрекеттері басталғанын растады. Ол сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға қатысы бар деген күдікке ілінген, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі мәлімдеді.

Компанияның ресми мәлімдемесінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ақпараты бойынша Қуаныш Омарбековке және өзге де адамдарға қатысты тергеу іс-шаралары басталғаны айтылған.

Қуаныш Омарбеков бұған дейін «Қазатомөнеркәсіп» басқарма мүшесі – өндіріс жөніндегі бас директор қызметін атқарған.

Компания құқық қорғау органдарымен ынтымақтаса отырып, тергеуге көмек көрсетіп жатыр. Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес, тергеу кезеңінде компанияның түсініктеме беруге құқығы жоқ, – деп жазылған ресми мәлімдемеде.

Сондай-ақ компания өз жұмысын штаттық режимде жалғастырып жатқанын мәлімдеді. «Қазатомөнеркәсіп» 2026 жылға арналған барлық өндірістік және қаржылық болжамдардың орындалатынын растады.

Компания акционерлер мен басқа да тараптардың мүдделеріне сәйкес 2026 жылға арналған барлық өндірістік және қаржылық болжамдардың орындалуын растайды. Қазатомөнеркәсіптің даму стратегиясы өзгеріссіз қалады және стратегиялық міндеттердің жүзеге асуы бекітілген жоспарларға сай жалғасады, – деді компания.

Бұдан бөлек, ұлттық компания ашықтық, айқындық және кез келген құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділік қағидаттарын ұстанатынын атап өтті.

Еске салайық, 25 қарашада ҰҚК Қуаныш Омарбековтің ұсталғанын растады. Ол және тағы бірнеше адам 23 қарашада ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Тергеу нұсқасы бойынша, ұсталғандар «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінген. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 367-бабының 4-бөлігі, яғни аса ірі мөлшерде пара беру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

24 қарашада «Қазатомөнеркәсіп» директорлар кеңесі басқарманың екі мүшесі – Қуаныш Омарбеков пен коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байгужиннің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты. Екі басшының да міндеттері қайта бөлінді.

Бұған дейін, 11 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшылары Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отынышиевті пара алуға оқталды деген күдікпен қолға түсірген болатын.

14 қарашада сот оларды қамауға алу туралы шешім шығарды.

Күдіктілердің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана анықталуға тиіс.