10 Тамыз 2026, 17:07 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Қазақстандағы барлық кітапхана бірыңғай электронды жүйеге біріктіріледі

Жаңа жүйе Қазақстандағы барлық кітапхананы бір платформаға біріктіріп, бірыңғай оқырман билеті мен каталогты қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қазақстандағы мектептер мен жоғары оқу орындарының кітапханаларын бірыңғай электронды жүйеге біріктіру жоспарланып отыр. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «XXI ғасырдағы Абай мұрасының өзектілігі» тақырыбындағы дөңгелек үстелде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының жарлығында бірыңғай ұлттық электронды платформа құру жөнінде тапсырма берілген. Жаңа жүйе Қазақстандағы барлық кітапхананы бір платформаға біріктіріп, бірыңғай оқырман билеті мен каталогты қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бірыңғай платформа құру кезінде тек көпшілікке қолжетімді 3 894 кітаптың қорымен шектелмей, алдағы уақытта ЖОО кітапханаларын, сондай-ақ мектеп кітапханаларын осы базаға енгізгіміз келеді, – деді Алмаз Мырзахмет.

Бірыңғай каталогта кітаптың қай кітапханада бар екені, саны, жанры және қанша рет алынғаны туралы ақпарат көрсетіледі. Сондай-ақ қаламгерлер өз еңбектерін оқырмандарға ұсына алатын жүйе қалыптастыру көзделіп отыр.

Басқарма басшысы қазіргі таңда «KazNEB» электронды кітапханасы жұмыс істейтінін атап өтті. Оның айтуынша, былтыр Абай мұрасы цифрлық форматқа көшіріліп, оқырмандарға ұсынылған.

Алдағы уақытта Абай шығармалары бірыңғай платформада жеке бөлім ретінде орналастырылады. Жаңа еңбектерді де авторлардың келісімімен электронды жүйеге енгізу жоспарланған.

Платформаның негізгі міндеттері әзірленіп жатқан «Кітапхана және кітап ісі туралы» жаңа заңда да айқындалмақ.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Абай күнімен құттықтап, биылғы бұл атаулы күн еліміздегі ауқымды өзгерістермен тұспа-тұс келіп отырғанына да тоқталды.

Тағы оқи отырыңыз: Ұлы ақын туралы көпшілік біле бермейтін деректер 

«Алғашқы кітап»: Абайдың тұңғыш жинағының тарихы фильмге арқау болды 

Абай күнінде жаңа мұражай мен «Абайтану» үйірмесі ашылды 

Нұрай Зинелова