Абай күні қарсаңында Алматыда ұлы ақын әрі ойшыл Абай Құнанбайұлының тұңғыш жинағының жарыққа шығу тарихын баяндайтын «Алғашқы кітап» деректі фильмі таныстырылды.
Докудрама Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.
Фильм «Абай әлемі» музыкалық-поэзиялық кеші аясында ашық аспан астында көрсетіліп, шараға мыңдаған көрермен жиналды. Кеш барысында Абайдың өлеңдері оқылып, әндері орындалып, театрландырылған қойылым ұсынылды.
«Алғашқы кітап» фильмінде 1909 жылы Санкт-Петербургтегі Ілияс Бораганскийдің баспаханасында жарық көрген Абай шығармаларының тұңғыш жинағының тарихы баяндалады. Туындыда ақын мұрасын жинақтау, баспаға дайындау және кітапты жарыққа шығару барысы, сондай-ақ осы іске атсалысқан тұлғалар мен сол кезеңдегі қиындықтар қамтылған.
Мерекелік кеш Almaty Summer Fest концерттік бағдарламасымен жалғасты. Соңында мыңнан астам көрермен өнерпаздармен бірге Абайдың әндерін орындады.
«Алғашқы кітап» деректі фильмі «Хабар» және «Алматы» телеарналарында да көрсетіледі.