Қазақстанда тағы бір әкім қызметінен кетті
Кадрлық ауыс-түйістер жалғасуда.
Теміртау әкімі Ғалым Әшімов қала басшысы лауазымындағы жұмысының аяқталғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өз жазбасында ол Теміртау тұрғындарына белсенді азаматтық ұстанымдары, ашық диалог пен қаланың дамуына бейжай қарамағандары үшін алғыс айтты.
Бүгін Теміртау қаласының әкімі ретіндегі жұмысымды аяқтап отырмын. Әрбір теміртаулыққа бейжай қарамағаны, белсенді азаматтық ұстанымы және ашық диалогы үшін ерекше алғысымды білдіремін. Осындай ашық қарым-қатынас нақты мәселелерді көріп, оларды бірлесіп шешу жолдарын іздеуге мүмкіндік берді. Теміртау қаласы мен оның тұрғындарына қызмет ету мен үшін үлкен мәртебе болды. Алда қандай қызметтер күтіп тұрса да, жүрегімнің бір бөлшегі – металлургтер қаласында, қайсар жандар мен ерекше мінездің мекені болған Теміртауда қалады. Теміртаудың игілігі жолында бірге еңбек етіп, қаланың дамуына өз үлесін қосқан барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Теміртау қаласына бейбітшілік, тұрақтылық, өсіп-өркендеу және жаңа жетістіктер тілеймін. Әр шаңырақта бақ-береке, молшылық және ертеңгі күнге деген сенім салтанат құрсын. Сіздерге білдірген сенімдеріңіз үшін рақмет! Бірге атқарған ортақ еңбегіміз үшін алғыс айтамын, - деп атап өтті ол.
Оның қызметтен кету себептері, сондай-ақ жаңа жұмысқа ауысуы туралы әзірге ресми ақпарат жарияланған жоқ.
Айта кетейік, Қазақстанның өңірлерінде қала басшылары ауысып, кадрлық ауыс-түйістер болып жатыр.
Бұған дейін Ұлытау облысының әкімі Дастан Рысбеков пен Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов те лауазымдарынан босатылған болатын.
Олардың орнына Президент сәйкесінше Есет Байкен мен Болат Ақшолақовты тағайындады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram