Бүгiн 2026, 14:25
Фото: ҰОК/Сали Сабиров
Қазақстанда Михаил Шайдоровты Олимпиадаға дайындауға қанша қаржы жұмсалды?
Милан-Кортина 2026 қысқы Олимпиада ойындарына Михаил Шайдоровты дайындауға 263,4 млн теңге бөлінді.
Милан-Кортина 2026 қысқы Олимпиада ойындарына қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровты дайындауға 263,4 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Қаржыландыру спортшы мен оның мамандар командасының толық дайындық циклін қамтыды. Атап айтқанда, жеке бапкер, кеңесші-бапкер, бас бапкер, массажист, психолог және хореографтардың еңбекақысы төленген.
Бөлінген қаражаттың ішінде:
•47 млн теңге – 19 оқу-жаттығу жиынын өткізуге (оның 8-і Қазақстанда, 11-і шетелде);
•16 млн теңге – бес халықаралық жарысқа қатысуға;
•спортшының жалақысына – шамамен 34 млн теңге;
•жеке бапкердің жалақысына – 26 млн теңгеден астам;
•хореографтың еңбекақысына – 23 млн теңгеге жуық қаражат жұмсалған.
Бұдан бөлек, жарыс бағдарламаларын қою, костюмдер тігу және авторлық құқықтарды сатып алу шығындары да қаржыландырылды. Әлем чемпионаты мен Азия ойындарындағы жоғары нәтижелері үшін спортшыға шамамен 6,7 млн теңге көлемінде біржолғы сыйақы берілген. Бапкерлер құрамына 1,5 млн теңге төленді.
Мемлекеттік дайындық моделі жаттығу процесінен бастап ғылыми-медициналық және материалдық қамтамасыз етуге дейінгі жан-жақты қолдауды қарастырады. Бұл қазақстандық спортшыларға әлемдік деңгейде бәсекелесуге мүмкіндік береді.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда қысқы Олимпиада ойындарының 13 спорт түрі дамытылуда. Милан-Кортина 2026 ойындарында ел құрамасы 10 дисциплинада өнер көрсетті. Олимпиадалық цикл аясында ұлттық құрамалар 612 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 434 халықаралық жарысқа қатысты. Дайындық сапасын арттыру үшін әлемдік деңгейдегі 13 шетелдік маман тартылған.
Бұған дейін вице-министр Михаил Шайдоровтың Олимпиадаға дейінгі жалақысы 1,5 млн теңге болғанын хабарлаған еді.
Еске салайық, 14 ақпанда Михаил Шайдоров Италияда өткен Milano Cortina 2026 қысқы Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы жекелей сырғанаудан алтын медаль жеңіп алды. Ол қысқа және еркін бағдарламалардың қорытындысы бойынша 291,58 ұпай жинап, жапониялық Юма Кагияма (күміс) мен Шун Сатоны (қола) артта қалдырды. Бұл жеңіс Қазақстан үшін тарихи болды – мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш Олимпиада алтыны иеленді.
Жеңістен кейін Президент спортшыны II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.
Сондай-ақ, Михаилды жеңісімен Геннадий Головкин де құттықтады. Әнші Димаш Құдайберген Михаил Шайдоровқа автокөлік тарту етті.
Одан кейін Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров ерекше суретін жариялады.