6 Қазан 2026, 15:28 Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Қазақстан мен Оман жаңа келісімдерге қол қойды: Қандай жобалар іске қосылады?

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид келіссөз өткізіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейтетін бірқатар маңызды құжатқа қол қойды.

Қазақстан мен Оман арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға бағытталған келіссөздер қорытындыланды. Мемлекеттер басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хайсам бен Тариқ Әл Саид екіжақты байланыстарды дамытудың негізгі бағыттарын айқындайтын Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Кездесу аясында инвестиция, әуе қатынасы, қаржы, мұнай-газ және бірлескен жобалар салаларын қамтитын сегіз үкіметаралық және ведомствоаралық құжат алмастырылды.

Мемлекеттер басшыларының қатысуымен үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттар алмасу рәсімі өтті:
 
1. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Оман Сұлтандығы Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім;

2. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Оман Сұлтандығы Үкіметі арасындағы әуе қатынасы туралы келісім;

3. «Самұрық-Қазына» АҚ мен Oman Investment Authority Оман ұлттық инвестициялық қоры арасындағы бірлескен инвестициялық құрылым (қор) құру туралы келісім;

4. «Самұрық-Қазына» АҚ мен Oman Investment Authority Оман ұлттық инвестициялық қоры арасындағы Blue City Rixos бірлескен жобасы шеңберіндегі негізгі шарттар туралы келісім;

5. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Оман Сұлтандығы Қаржы министрлігі арасындағы қаржы саласы бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум;

6. «Атамекен» ҰКП мен Оман Сұлтандығы Сауда-өнеркәсіп палатасы арасында Қазақстан-Оман іскерлік кеңесін құру жөніндегі өзара түсіністік туралы келісім;

7. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен OQ Exploration & Production компаниясы арасындағы геологиялық барлау саласы бойынша стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім;

8. Еуразиялық даму банкі мен Оман Сұлтандығы Үкіметі арасындағы Еуразиялық даму банкінің Оман Сұлтандығында қызмет ету шарттары туралы келісім.

Айта кетейік, кеше мәртебелі мейманның ұшағы Қазақстанның мемлекеттік шекарасынан өткеннен кейін оны еліміздің Әскери-әуе күштерінің жойғыш ұшақтары сүйемелдеді. Әуежайда Сұлтанды Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды.

Қазақстан Президенті екіжақты қарым-қатынасты дамыту тұрғысынан Оман Сұлтанының сапары тарихи мәнге ие екенін атап өтті. 

Бүгін Астанада Оман Сұлтанын қарсы алу рәсіміне дайындық қалай жүріп жатқанын BAQ.KZ тілшілері көрсетті. 

Тәуелсіздік сарайында елімізге мемлекеттік сапармен келген Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидты ресми қарсы алу рәсімі өтті. Салтанатты іс-шара барысында Мемлекет басшысы мен Оман Сұлтаны бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. 

Тағы оқи отырыңыз: