Қазақстан мен Еуропалық одақ арасында виза жеңілдеуі мүмкін: Келіссөздер қалай жүріп жатыр?
Қазақстан мен ЕО арасындағы виза жеңілдеуі жақындауы мүмкін. Келіссөздерде ілгерілеу бар, бірақ шешім толық бір тарапқа ғана байланысты емес.
Сыртқы істер вице-министрі Арман Исетов Сенат кулуарында Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы визалық режимді жеңілдету мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бұл бағытта келіссөздер бірнеше кезеңнен өткен.
Бұл мәселе бойынша екі раунд келіссөз өтті. Прогресс жақсы, визалық режимді жеңілдетудің көпжақты аспектілері талқыланып жатыр. Жақын перспективада осы бағытта нақты нәтижеге қол жеткізіп, келісім жобасын аяқтаймыз деп үміттенеміз. Барлығымыз нәтижені күтіп отырмыз. Алайда, өздеріңіз білетіндей, келіссөздер тек бір тарапқа байланысты емес, еуропалық серіктестеріміздің ұстанымына да тәуелді. Сондықтан бұл мәселе жуық арада шешіледі деп сенеміз. Біз бар күшімізді салып жатырмыз, – дейді вице-министр.
Сонымен қатар ол кейбір техникалық мәселелер бойынша толық ақпарат бере алмайтынын жеткізді.
Айта кетейік, Сенаттағы брифингте журналистер ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетовтен Таяу Шығыстағы соғысқа байланысты отандық кәсіпкерлер қандай шығынға ұшырап жатқанын сұрады. Оның айтуынша, соғыс әсерінен Қазақстан Иранмен келісімдерді уақытша тоқтатты.
Сондай-ақ, ол Қазақстан Ұлыбританиямен визалық режимді жеңілдетуге ұмтылып отырғанын айтты.
Тағы оқи отырыңыздар:
Таяу Шығыс қауіпті: Қай бағытта демалуға болады? – СІМ кеңес берді