Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшыларының ұсталуына байланысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Кеше еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ұсталғаны туралы мәлімет таратты. Ашығын айтқанда, бұл – мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай.
Жалпы, заң бойынша тергеу мәселелерін жариялауға немесе ашып көрсетуге болмайды. Оның үстіне тергеу жұмысы да енді басталды.
Алайда қазірдің өзінде мына нәрсені анық айтуға болады: бұл – біз «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын жариялап, оны Конституциямызда мемлекеттік басқару мен қоғам өмірінің басты қағидаты ретінде бекіткелі бері біртұтас жүйеге кіретін мемлекеттік компанияларда болып тұрған сыбайлас жемқорлыққа қатысты алғашқы ірі іс.
Еліміздің Конституциясы 15 наурызда жалпыұлттық референдум кезінде бірауыздан қабылданды, 1 шілде күні заңды күшіне енді. Осылайша, мемлекетіміздің бас құжаты әділетті түрде «Халық Конституциясы» деп аталды.
Конституцияның ережелері мен баптарын бұзуға, халқымыздың осы қасиетті құжатын келемеж жасауға, кемсітушілік көрсетуге ешкімнің де хақы жоқ», - деді Президент.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Елжас Отыншиевті ұстады.
Тағы оқи отырыңыз:
«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшылары ұсталды: Олар кім және Президент бұған дейін қандай сын айтқан?
Мәртебе құтқармайды: «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына қатысты сарапшылар не айтты?
«Самұрық-Қазына» АҚ қызметін штаттық режимде жалғастыруда
Нұртөре Жүсіп: Бұрын тек шабақтар мен шортандар қармаққа ілінсе, бүгін екі бірдей акула ауға түсті