Бүгiн 2026, 16:43 Фото: ©BAQ.KZ архиві/ЖИ - Ерболат Бекболат

Қарағанды облысында банк менеджері клиенттерге білдіртпей несие сомасын өсіріп отырған

Қарағанды облысында банк менеджері несие рәсімдеу арқылы миллиондаған теңге жымқырды деген күдікке ілінді.

Қарағанды облысында полиция қызметкерлері азаматтардың атына заңсыз несие рәсімдеу арқылы жасалған алаяқтықтың жолын кесті.

Саран қаласы полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында банктердің бірінде менеджер болып жұмыс істеген 23 жастағы күдіктіні ұстады.

Тергеу мәліметінше, күдікті қызметтік мүмкіндігін және клиенттердің сенімін пайдаланып, олардың келісімінсіз сұралған сомадан әлдеқайда жоғары көлемде несие рәсімдеп отырған. Ал несие алушылар өздеріне аз мөлшерде қарыз берілді деп есептеп, шын мәнінде мойындарына ірі көлемдегі несиелік міндеттеме жүктелгенін тек уақыт өте келе анықтаған.

Қазіргі уақытта полицияға төрт жәбірленуші жүгінді. Алдын ала есеп бойынша келтірілген материалдық шығынның жалпы көлемі 6,9 миллион теңгеден асады. Аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлігіне сәйкес («Алаяқтық») қылмыстық істер тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар күдіктінің осыған ұқсас басқа да алаяқтық фактілеріне қатысы бар-жоғы тексерілуде, - деп хабарлады Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі. 

Қарағанды облысының полиция департаменті азаматтарды несие рәсімдеу кезінде барлық құжаттарды мұқият оқып шығуға, рәсімделетін несие сомасын жеке бақылауға және ешбір жағдайда ұялы телефонын, банктік қосымшаларына қолжетімділікті, SMS-кодтар мен жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуге шақырады.

Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысында банктің бұрынғы менеджері несиелерді заңсыз рәсімдегені анықталған.

Тағы оқи отырыңыз: 

5 жыл бойы қашып жүрген қазақстандық әйел Түркияда ұсталды

Ақтөбе облысында WhatsApp-тағы бір қоңырау 71 жастағы әйелді пәтерінен айырды

Жол ақысы 150 доллар: Алматылық таксист шетелдіктерді алдаған