Бүгiн 2026, 16:51 Фото: ©BAQ.KZ/Олжас Адай

Жанабылов пен Төлегеноваға 4 жылға дейін жаза сұралды

Ол жасалған қылмыстардың қауіпті сипатын ескере отырып, айыпталушыларға нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау қажет деп санайтынын жеткізді.

Астанада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова ісі бойынша сот жарыссөздері барысында мемлекеттік айыптаушы оларға мүлкін тәркілеумен қатар нақты мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекеттік айыптаушы Олжас Хайруллаевтың айтуынша, сот тергеуі барысында айыпталушылардың аса ірі көлемде – 247 миллион теңге табыс табумен байланысты заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырғаны анықталған.

Жасалған қылмыстардың қауіпті сипатын ескере отырып, айыпталушыларға нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау қажет деп санаймын, – деді прокурор.

Оның сөзінше, айыптау нұсқасы бойынша, қылмыстық әрекеттер әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланып отырған, ал кейінгі іс-қимылдар табысты заңдастыруға бағытталған.

Бұл олардың әрекеттерінің жоғары деңгейде ойластырылғанын, ұйымдасқанын және өрескел жасалғанын көрсетеді, – деді Хайруллаев.

Прокурор айыпталушылар кінәні ішінара мойындағанымен, толық өкінбегенін және келтірілген залалды өтеу бойынша нақты шаралар қабылдамағанын атап өтті.

Жеңілдететін мән-жай ретінде үш кәмелетке толмаған баласының болуы танылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Прокурор не деді? 

Ерболат Жанабыловқа қатысты:
– ҚР ҚК 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы бойынша – 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеумен;
– ҚР ҚК 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша – 4 жыл бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеумен;
– қылмыстар жиынтығы бойынша – 4 жыл бас бостандығынан айыру (ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде), мүлкін тәркілеумен.

Сондай-ақ прокурор Жанабыловқа қатысты бұлтартпау шарасын үйқамақтан қамауға өзгертіп, сот залынан қамауға алуды сұрады.

Эльмира Төлегеноваға қатысты:
– баптар жиынтығы бойынша 4 жыл бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеумен.

Сонымен қатар прокурор ҚР ҚК 74-бабы 1-бөлігіне сәйкес жазаны орындауды бір жылға кейінге қалдыруды ұсынды.

Бұдан бөлек, Төлегеноваға қатысты бұлтартпау шарасын үйқамақтан ешқайда кетпеу туралы қолхатқа өзгертіп, үкім заңды күшіне енгеннен кейін 10 тәулік ішінде пробация қызметіне есепке тұру үшін келуін міндеттеу ұсынылды.

Бұған дейінгі, яғни 2026 жылғы 14 сәуірде өткен сот процесінде келесі отырысқа тергеуші Абзал Әлімханов шақырылатыны белгілі болды.

Айта кетейік, елордада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр. Сотта айыпталушы Эльмира Төлегенова "Біз заң бұзғанымызды мойындаймыз" деді. Даулы мәлімдеме жасап,  істегі куәгер ретінде өтіп жатқан IT-маман Сұңғат Өтеболатов тергеу қысымынан кейін айыпталушылардан ақша сұрағанын айтты. Ерболат Жанабылов жауап беруді бастады және Жанабылов өзіне қатысты мәлімдеме жасап, "компьютерді соңғы рет 9-сыныпта қолданғанын" айтты.

Бұған дейін Жанабылов "Бізді қылмыскер етіп көрсетті" деп, алғашқы сотта сөйлеуге дайын болмағанын жазған едік. Сонымен қатар, Ерболат Жанабылов тергеуші қысым жасағанын мәлімдеді.

Белгілі болғандай, Жанабыловтар оқырмандарының біріне көлікті тегін бермек болған.

Бүгінгі сот отырысында айыпталушылардың адвокаты куәгер-тергеуші Абзал Әлімхановтан жауап алып, ақша қозғалысы мен банк шоттарына қол жеткізуге қатысты айыптау уәждеріне күмән келтірді. 

Жанабылов ісінде 100 млн теңге қаржы қалай жұмсалғаны айтылды.