Прокурор Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты айыптау актісін жариялады
МИБ (ОСИ – авт.) төрағасы ғимарат қасбетінің техникалық жағдайын тиісті деңгейде бақыламаған деп айыпталып отыр
Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Сотта прокурор Саяжан Серікова айыптау актісін оқып, МИБ төрағасы Сәуле Жұбаниязоваға тағылған айыптың мән-жайын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Прокурордың айтуынша, Жұбаниязова 2025 жылғы 12 мамырдан бастап тұрғын үйдегі мүлік иелерінің бірлестігіне (МИБ) төраға болған. Қызметтік міндетіне сәйкес ол кондоминиумның ортақ мүлкін тиісті деңгейде күтіп ұстауды ұйымдастырып, оның техникалық жағдайын бақылауға және қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз етуге тиіс болған.
Сотта айтылған мәліметке сәйкес, 2017 жылы «Астана Крылосервис» ЖШС тұрғын үйге техникалық тексеру жүргізген. Қорытындыда ғимараттың жалпы физикалық тозуы 31% екені көрсетілген.
Ғимараттың жалпы техникалық жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланғанымен, мамандар қасбетті, цокольді, шатырды, сондай-ақ баспалдақ алаңдары мен инженерлік коммуникацияларды жөндеу қажеттігін көрсеткен.
Прокурордың мәлімдеуінше, Жұбаниязова бұл қорытындыдан хабардар болған. Алайда 2025 жылғы 12 мамырдан 8 қарашаға дейінгі кезеңде ол ғимарат қасбетінің техникалық жағдайын тиісті деңгейде бақыламаған, ақаулар мен апат қаупі бар учаскелерді уақтылы анықтамаған.
Сондай-ақ айыптау тарапының айтуынша, қажетті техникалық тексеру жүргізілмеген және жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары ұйымдастырылмаған.
Сот-құрылыс-техникалық сараптамасының қорытындысына сәйкес, қасбеттің опырылуы кенеттен болған жағдай емес. Қасбеттегі ақаулар ұзақ уақыт бойы біртіндеп дамыған.
Алдымен қабырғалар мен қаптама қабаты түйіскен жерлерде жарықтар пайда болған. Кейін қалау қабаттарының бірлескен жұмысы бұзылып, саңылаулар мен деформациялар ұлғайған. Қалау ылғалданып, қаптама қабатының көтергіш бөлікпен байланысының беріктігі төмендеген. Соның салдарынан қаптама қабатының жекелеген бөліктері орнықтылығын жоғалтқан, – деді прокурор Саяжан Серікова сотта.
Оның айтуынша, сараптама анықталған зақымдардың кенеттен пайда болмағанын көрсеткен. Ақауларды тиісті визуалды тексеру жүргізілген жағдайда анықтауға мүмкіндік болған.
«Фельдшер қаза тапты»
Прокурордың айтуынша, 2025 жылғы 8 қарашада сағат 10:40 шамасында тұрғын үйдің қасбетінің қаптама қабатының бөліктері опырылған.
Салдарынан ғимарат маңында болған бірнеше адам зардап шеккен. Олардың кейбірінің денсаулығына ауыр зиян келтірілген, тағы бір азамат орташа ауырлықтағы жарақат алған. Оқиға орнына зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін келген жедел жәрдем фельдшерінің де денсаулығына жеңіл зиян келтірілген.
Ал фельдшер Ұлдана Мырзуанға қасбет элементтерінің қайта опырылуы салдарынан ауыр жарақат келген.
Сотта прокурордың айтуынша, Мырзуан бас сүйегінің сынуы, миға қан құйылуы және бас миының зақымдануы сияқты жарақаттар алған. Көрсетілген медициналық көмекке қарамастан, ол есін жимастан ауруханада көз жұмған.
Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, фельдшердің алған жарақаттары өмірге қауіпті белгісі бойынша денсаулыққа ауыр зиян ретінде бағаланған және оның өлімімен тікелей себеп-салдарлық байланыста болған.
Прокурордың мәлімдеуінше, Жұбаниязованың тиісті бақылау жүргізбеуі, қажетті тексерулерді ұйымдастырмауы және анықталған ақауларды жою бойынша шаралар қабылдамауы қайғылы жағдайға әкелген.
Осыған байланысты Сәуле Жұбаниязова басқару функцияларын атқаратын тұлға ретінде өз міндеттерін тиісінше орындамады деп айыпталып отыр.
Оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 254-бабы бойынша айып тағылған. Бұл бап басқару функцияларын атқаратын тұлғаның өз міндеттеріне адал емес және ұқыпсыз қарауы салдарынан адам өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан әрекетін қарастырады.
Сотта тараптардың ұстанымы тыңдалып, іс бойынша дәлелдемелер зерттеледі.
Еске салсақ, қайтыс болғаннан кейін Ұлдана Мырзуан Қазақстан Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Енді сот фельдшердің өліміне әкелген жағдайларды зерттеп, жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға береді.
Айта кетейік, бүгін Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот талқылауы өтіп жатыр.
Сондай-ақ, Ұлдана Мырзуан ісіне қатысты адвокат пікір білдірді.
Сот кулуарында марқұмның бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел жәбірленуші мәртебесінен бас тартты.
Ұлдана Мырзуанның анасы Салима Ешанқұлова (Омарова) қызының өліміне қатысты сот отырысы алдында журналистердің сұрақтарына жауап беріп, бұрынғы күйеу баласы жайлы айтты. Ол Әділет Зейнелдің жәбірленуші мәртебесінен бас тарту туралы шешімінен хабарсыз екенін жеткізді.