Премьер-министр Сүлейменоваға: Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
Үкімет басшысы Олжас Бектенов жиында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовадан жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру бағытында қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жұлдыз Досбергенқызы, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр? – деп сұрады Премьер-министр.
Сүлейменованың сөзінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бүгінде жұмысшы мамандықтардың жан басына шаққандағы қаржыландырылуы екі есеге ұлғайған. Биыл бұл – 60 млрд теңге.
Бұған дейін қаржы колледждердің рейтингісіне қарай бөлініп келген. Енді биылдан бастап бұл рейтинг алынып тасталады. Барлық колледжге бірдей және теңдей бөлінеді. 2027 жылға 75 млрд теңге, ал 2028 жылға 80 млрд теңге қаржы қарастырылған, - деді министр.
Сонымен қатар оның айтуынша, кәсіпке ерте баулитын 1000 сынып ашылады. Бұдан бөлек, 3 өңірде агросыныптар ашылады.
Министрлік жұмысшы мамандықтарын беделін арттыруға бағытталған медиа-жоспар әзірлеген. Жоспарда жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, үлгі-өнеге ретінде жақсы мысалдар халық арасында насихатталмақ.
Еске сала кетейік, Қазақстанда технологиялар мен жасанды интеллектінің дамуына байланысты бірқатар мамандық жойылып, кәсіптердің басым бөлігі трансформацияланады. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев айтты.
Тағы оқи отырыңыз: «Елімізде жұмыс жоқ деген сөз болмауы керек»: Бектенов Еңбек министріне тапсырма берді.
Қазақстанда қай салаларда маман жетпейді? Министр статистика жариялады