Жасанды интеллект еңбек нарығын өзгертеді: Министр жойылатын мамандықтарды атады

 pixabay.com 8 Қыркүйек 2026, 10:40
8 Қыркүйек 2026, 10:40
206
Фото: pixabay.com

Қазақстанда технологиялар мен жасанды интеллектінің дамуына байланысты бірқатар мамандық жойылып, кәсіптердің басым бөлігі трансформацияланады. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің мәліметінше, еліміздегі жұмыс күшінің саны – 9,8 млн адам. Оның ішінде 9,4 млн адам жұмыспен қамтылған. Жұмыспен қамту деңгейі – 96%.

Сонымен қатар еңбек нарығында жұмысшы кадрларға тұрақты сұраныс байқалады.

Электрондық еңбек биржасына орналастырылған бос жұмыс орындарының жартысынан астамы жұмысшы мамандықтарына тиесілі екенін атап өткім келеді. Негізгі міндет – сұранысты қалыптастыру емес, кадр даярлаудың экономиканың ағымдағы және перспективалық қажеттіліктеріне сәйкестігін қамтамасыз ету, – деді Асқарбек Ертаев.

Алмастыру мен жаңа сұранысты ескергенде, 2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына 2,9 млн маман қажет болады. Оның 1,8 миллионы – жұмысшы мамандықтары.

Ең жоғары сұраныс өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және IT салаларында қалыптасқан.

Министрдің айтуынша, сұранысқа ие кәсіптердің тізбесі 51-ден 174 кәсіпке дейін жаңартылып жатыр. Оған инженерия, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, биотехнология, жасыл және ядролық энергетика салаларындағы кәсіптер кіреді.

Сонымен қатар технологиялар мен жасанды интеллект еңбек нарығын барынша өзгертіп жатыр, – деді ведомство басшысы.

Асқарбек Ертаевтың сөзінше, мәтінді өңдеушілер мен терушілер, деректерді енгізу жөніндегі қызметкерлер және корректорлар сияқты кейбір мамандықтар жойылады.

Ал кәсіптердің басым бөлігі трансформацияланып, қызметтің мүлде жаңа бағыттары пайда болады.

Бұл жағдайда кадрлар даярлау жүйесі озық қарқынмен жұмыс істеуі керек. Экономика салаларындағы перспективалық мамандықтар алдын ала айқындалып, біліктіліктер мен білім беру бағдарламалары жедел жаңартылады, – деді Ертаев.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан кәсіптік және техникалық дағдылар бойынша 39 сатыға көтерілді. Қазақстан халқы мен жастар санының өсуі, сондай-ақ еңбек нарығындағы өзгерістер техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртуды талап етеді.

Наверх