Печенье мен фастфудтағы жасырын қауіп: Трансмай несімен зиянды?
Күнделікті тұтынатын тәттілер мен дайын тағамдардың құрамында жүрек пен қан тамырларына зиян келтіретін трансмайлар болуы мүмкін. Олардың қаупі және өнім таңдағанда неге назар аудару керектігі туралы Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаев айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Маманның түсіндіруінше, өнеркәсіптік трансмайлар сұйық өсімдік майларын ішінара гидрогенизациялау, яғни қатайту кезінде түзіледі. Бұл технология өнімнің сақтау мерзімін ұзартуға және өндіріс шығынын азайтуға мүмкіндік береді.
Алайда мұндай майларды тұрақты тұтыну денсаулыққа қауіп төндіреді.
Трансмайлар бір мезгілде «жаман» холестериннің деңгейін жоғарылатып, «жақсы» холестериннің деңгейін төмендетеді. Бұл атеросклероздың, миокард инфарктінің және инсульттің даму қаупін арттырады, – деді Мұхамғали Арыспаев.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, өнеркәсіптік трансмайларды тұтынумен әлемде жыл сайын 278 мыңнан астам өлім байланысты. Ұйым мұндай майларды пайдалы майлармен алмастырып, тағам құрамынан алып тастауды ұсынады
Қандай тағамдарда кездеседі?
Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, трансмайлар өнеркәсіптік өңдеуден өткен бірқатар өнімнің құрамында болуы мүмкін. Олардың қатарында фастфуд, фритюрде қуырылған тағамдар, дүкендегі кондитерлік өнімдер мен кейбір жартылай фабрикаттар бар.
Фри картобы, наггетстер, пончиктер, печенье, торт, вафли мен круассан секілді өнімдердің құрамына назар аудару қажет. Трансмайлар маргариндер мен спредтерде, кондитерлік және аспаздық майларда да кездесуі мүмкін, – деді департамент басшысының орынбасары.
Дегенмен аталған өнімдердің бәрінде бірдей трансмай бар деуге болмайды. Оның болуы өндірушінің қандай май қолданғанына және өнімді дайындау технологиясына байланысты.
Қаптамадан нені іздеу керек?
Өнім таңдағанда тек жарамдылық мерзімі мен бағасына қарап қоймай, құрамын да оқыған жөн. Өнеркәсіптік трансмайлардың негізгі көздерінің бірі – ішінара гидрогенизацияланған май. Сондықтан қаптамада осындай атау көрсетілсе, оған назар аудару қажет. Ал «өсімдік майы», «кондитерлік май» немесе «модификацияланған май» деген жазулардың өзі өнімде міндетті түрде трансмай бар екенін білдірмейді.
ДДҰ ересектерге трансмайдан түсетін энергияны тәуліктік жалпы калорияның 1 пайызынан төмен деңгейде ұстауды ұсынады. Бұл тәулігіне 2000 килокалория тұтынатын адам үшін 2,2 грамнан аз мөлшерге сәйкес келеді.
Маман күнделікті ас мәзірінде дайын тәттілер мен фастфудты шектеп, аз өңделген тағамдарға басымдық беруге кеңес берді.
Денсаулықты сақтау үшін дүкеннен сатып алынатын дайын кондитерлік өнімдерді, жартылай фабрикаттар мен фастфудты барынша шектеу қажет. Олардың орнына табиғи, аз өңделген өнімдерді таңдаған жөн, – деді Мұхамғали Арыспаев.
Еске салсақ, дәрігер отқа ұзақ қақталған кәуаптің қауіпті екенін ескертті. Маман ең қауіпті өнімдер ретінде күйіп кеткен шұжықтар, сосискалар және басқа да еттен жасалған жартылай фабрикаттарды атады.
Тағы оқи отырыңыздар: Күнде жейтін ас қауіпті ме? Мамандар қабынуды күшейтетін тағамдарды атады
Құрамы күмәнді: Дүкенде өріп тұрған қытайлық снектер қаншалықты зиян?