19 Тамыз 2026, 09:30 Фото: Фото: Depositphotos.com/4eX

«Пайдасы мәңгілік қалатын жоба»: Мұхтар Тайжан Көкжайлаудағы құрылысқа қатысты ойын айтты

Мұхтар Тайжан Көкжайлаудағы тау-шаңғы жобасының стратегиялық маңызы өте зор екенін атап өтті. 

Алматының көркін айшықтайтын Көкжайлау аумағын дамыту мәселесі қоғамда жиі талқыланып келеді. Сарапшылардың бір бөлігі бұл жоба өңір туризмін жаңа деңгейге көтеріп, халықаралық туристерді тартуға мүмкіндік береді деп есептейді. Біз осы бастамаға қатысты қоғам қайраткері Мұхтар Тайжанның пікірін біліп, жобаның артықшылықтары мен пайдасы туралы көзқарасын сұрадық. 

Мұхтар Тайжан Көкжайлаудағы тау-шаңғы жобасының стратегиялық маңызы өте зор екенін атап өтті. 

Біріншіден, ол адамдарға қажет жоба. Екіншіден, тауға қажет жоба. Неге? Себебі тауға шығу, таза ауамен демалу, спортпен белсенді айналысу - кез келген жастағы адамның денсаулығы үшін пайдалы. Сондықтан тауда инфрақұрылым болуы керек, - дейді Мұхтар Тайжан. 

Ол жоба салынып бітсе, бағасы қаншалық қолжетімді болатыны туралы да айтты. 

Бұл тұста жоба қаншалық қымбат не қолжетімді болады деген сұрақ туындайды. Көкжайлауда күні бойы шаңғы тебу үшін шамамен 14 мың теңгедей ақша кететін болады. Шымбұлақта 25 мың теңгеге дейін барады. Себебі ол - жеке курорт. Ал Көкжайлау мемлекеттік курорт болатындықтан бағасы арзанырақ болады. Көпбалалы отбасыларға, зейнеткерлерге, ардагерлерге жеңілдіктер жасалады, - дейді Мұхтар Тайжан. 

Сонымен қатар, қоғам қайраткері курортқа шығуға арналған аспалы жол салудың артықшылықтары туралы айтты. 

Бүгінгі таңда Алматыда тауға шығу үшін екі жол ғана қарастырылған: бірі Достық даңғылы арқылы немесе Навои кешесі арқылы. Демалыс күндері бұл көшелерде кептеліс болады, мұны алматылықтар жақсы біледі. Ал аспалы жол салынатын болса, халық ешқандай көліксіз, автобуссыз Көкжайлауға жететін болады. Аспалы жолдың табиғатқа да зияны жоқ. Себебі аспалы жолмен барар болсақ, шөпті таптамаймыз, жолай қоқыс тастамаймыз. Дүние жүзінде аспалы жолдарды көп салады, себебі ол тиімді. Еуропа, АҚШ, Азия елдерінде ғана емес, көршілес Қырғызстан, Өзбекстан елдерінде де аспалы жолдар бар. Алматыда тау арасында аспалы жол көбірек болса, салауатты өмір салтын ұстанатындар көбірек болады. Қазақстандықтар үшін өте тиімді жоба деп есептеймін, - дейді қоғам қайраткері. 

Мұхтар Тайжан жоба тау табиғаты үшін де тиімді екенін айтады. 

Инфрақұрылым болмаса, табиғат ластанады. Тауға шығатындар саны бәрібір көп, әсіресе коронавирус пандемиясынан кейін баратындар көбейген. Көлікпен баратындар көбейсе жолда кептеліс болады. Көліктен газ бөлініп, жасыл желекке зиян келтіруі мүмкін. Ал аспалы жолдың табиғатқа ешқандай зияны болмайды. Сондықтан мұндай инфрақұрылым бір шетінен табиғатқа, екінші тұрғыда халыққа да тиімді, - дейді ол. 

Көкжайлауға қатысты жоба сөз болғалы, қоғамда бұл экологияға зиян жоба деген пікірлер айтылып келеді. Алайда Мұхтар Тайжан бұл негізсіз пікірлер деп есептейді. 

Мұндай ойды осы саланы дұрыс білмейтін адамдар айтады. Жоғарыда атап өткенімдей, аспалы жол табиғатқа еш зияны жоқ. Себебі ол электр қуатымен жұмыс істейтін болады. Дыбыс ақырын шығады, түтін шықпайды. Еуропа, Азия елдерінде экологиялық талап қатаң. Олардың таңдауы аспалы жолға түскен. Егер аспалы жолдың экологияға зияны дәлелденсе, Еуропа, Азия елдері аспалы жолды салмас еді, - дейді қоғам қайраткері. 

Сондай-ақ Мұхтар Тайжан жобаның құрылысымен айналысатын компанияға қатысты ойын айтты. Ол курорт салумен франциялық компания айналысатынын атап өтті. 

Франциялық POMA - өте танымал, атақты компания. Өзінің абыройын дәлелдеген фирма. Олар бұл жобамен айналысатын болса, әлемдік деңгейде салады. Бұл тұрғыда жемқорлық қаупі оларды айналып өтеді, себебі бұл - әлемдік деңгейде жұмыс істейтін компания, - дейді Мұхтар Тайжан. 

Қоғам қайраткерінің сөзінше, мұндай жобалар арқылы елімізге келетін туристер саны көбейеді. 

Олар үшін (шетелдік туристерге) басқаша баға болады. Туристерге жеңілдік болмайды. Сондықтан олардан таза табыс түседі. Жоба жүзеге асырылса, Алматы қаласына, жалпы Қазақстанның пайдасына жыл сайын 1 млрд доллар түсетін болады. Мемлекет бұл жобаға шамамен 1,5 млрд салады деп есептесек, жыл сайын 1 млрд доллар табыс өзімізге қалады. Ол шағын және орта бизнестің пайдасына түсетін болады. Себебі турист келетін болса ол такси қызметін пайдаланады, қонақүйде түнейді және елдегі тағы басқа қызметтерді де пайдаланады. Қосымша жұмыс орындары ашылады. Жастар гид, аудармашы қызметтерін атқара алады. Бұл пайдасы мәңгілік қалатын жоба. Себебі туристер жыл сайын келеді, - дейді ол.

Сонымен қатар, Мұхтар Тайжан шет елдерде, одан бөлек, көрші елдердегі курорт қызметі қалай қалыптасқанын айтты.   

Мен Австриядағы, Андоррадағы шаңғы тебу курорттарында болдым. Андорраны айтар болсақ, ол біз секілді мал шаруашылығымен айналысқан ел болған. Күнкөріс деңгейі төмен болған. Шамамен 70 жыл бұрын олар шаңғы тебу курортын ашқан. Қазіргі таңда дүние жүзіндегі ең бай елдердің қатарында. Олар сол курорттың арқасында байып отыр. Еуропа, АҚШ-тың айтпай-ақ қоялық. Біз іштей дауласып жүрген кезде көршілес Өзбекстан “Амирсой” атты курорт салып тастады. Биыл жыл басында барып, өз көзіммен көріп келдім. Жергілікті адамдар жұмыспен қамтылып отыр. Екіншіден, жастар салауатты өмір салтымен айналысып жүр. Қырғызстан “Ала-Арча” курортын салған. Әлі де дамытып жатыр. Ол жерге де көктемде барып келдім. Одан бөлек, Нарынқолға қарама-қарсы Қырғызстанның Жырғалаң атты ауылы бар екен. Сол жерде де шаңғы курорты салынып жатыр. Сонымен қатар, Әзербайжанда “Шахдаг”, Грузияда “Гудаури” курорты бар. Олар неге курорт салған? Себебі экономикаға, халыққа тиімді. Олардың шаңын жұтып қалмауымыз керек. Бізде салынатын курорт ол елдерден кем болмайды, - дейді Мұхтар Тайжан. 

Қоғам қайраткері жобаның пайдасын айта келе оның жастарды жұмыспен қамтуда пайдасы зор екенін атап өтті. Одан бөлек, жобаның шағын және орта бизнес үшін де келер пайдасы көп. 

Мұндай курорт жыл сайын 1 млрд долларға дейін пайда әкеледі. Мұндай мүмкіндікті жіберіп алмауымыз керек. Бұл пікірімді 2018-2019 жылдары да айтқанмын. Бұрынғы ойымнан танған жоқпын, - деп түйіндеді Мұхтар Тайжан. 

Еске салайық, бұған дейін Мұхтар Тайжан Көкжайлау жобасына қатысты мифтерге жауап берді

Тағы оқи отырыңыз: 

Almaty Superski: Көкжайлауда оқушыларға шаңғы тебу сабағы өтуі мүмкін

Көкжайлауда курорт салынса, мұздықтар мен жануарлар әлемі қалай қорғалмақ?

Көкжайлау жобасы Алматы экономикасының драйверіне айналуы мүмкін