Көкжайлау жобасы Алматы экономикасының драйверіне айналуы мүмкін

Алматы тау кластері жай ғана инфрақұрылымдық жоба емес.

 ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина Бүгiн 2026, 10:00
Бүгiн 2026, 10:00
121
Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Алматыда өткен қоғамдық тыңдауда Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Мақсат Қиқымов Алматы тау кластерін дамыту жобасының экономикалық маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бұл бастама Алматының Орталық Азиядағы ірі іскерлік орталық ретіндегі болашағына тікелей әсер ететін стратегиялық жоба саналады.

Қиқымов Алматы тау кластері жай ғана инфрақұрылымдық жоба емес екенін айтты. 

Бұл – экономиканы дамытатын қуатты локомотив, жаңа жұмыс орындарын ашатын және отандық шағын және орта бизнеске ұзақмерзімді серпін беретін бастама, — деді ол.

Оның сөзінше, биыл 12 мамырда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес қауымдастықпен Алматы тау кластерін дамыту мәселесі бойынша арнайы жиын өткізген. Кездесуге қатысқан нарық өкілдері, инвесторлар мен салалық қауымдастық жетекшілері жобаны жүйелі түрде жүзеге асыру бағытын бірауыздан қолдаған.

Бизнес бұл жобадан тек Алматы өңіріне ғана емес, бүкіл ел экономикасына әсер ететін мультипликативтік тиімділік көріп отыр, — деді Қиқымов.

Ол жобаның экономикалық философиясын қоғамға ашық түсіндіру маңызды екенін атап өтті.

Біздің міндет – ойынның бірыңғай әрі түсінікті ережелерін қалыптастырып, қалаға, өңірге және әрбір кәсіпкерге қандай нақты пайда болатынын көрсету. Біз аумақтарды тиімсіз игеруден реттелетін, жоғары технологиялы сервистік экономикаға көшіп жатырмыз. Мұндағы басты бенефициар – қоғам, — деді ол.

Қиқымовтың айтуынша, Іле-Алатауы ұлттық паркінің небәрі 0,5 пайызын қамтитын шағын аумақтың өзі тұтас индустриялық аймақтармен тең экономикалық ағын қалыптастыра алады.

Сондай-ақ ол курорттық ауылдың маңызына тоқталды. Оның пікірінше, келушілерді қабылдап, қызмет көрсететін бұл аумақ жүздеген шағын және орта бизнес нысандары шоғырланатын орталыққа айналмақ.

Мұнда гид қызметтері, инструкторлар мектебі, спорттық жабдықтарды жалға беру орындары, этномәдени нысандар мен жергілікті қолөнер өндірісі секілді тұтас экожүйе қалыптасады, — деді өңірлік кеңес төрағасы.

Оның айтуынша, кәсіпкерлер инфрақұрылымға ашық әрі тең қолжетімділікке ие болады.

Қиқымов тау туризмін Алматы үшін ерекше мақтанышқа айналуы мүмкін сала деп атады. Оның сөзінше, Алматы тау кластерін дамыту бірнеше маңызды экономикалық өзгеріске жол ашады.

Атап айтқанда, жоба отандық өндіріс үшін үлкен сұраныс қалыптастырады. Жүздеген мейрамхана мен қонақүй қазақстандық фермерлік өнімдерге, тоқыма бұйымдарына, құрылыс материалдары мен жиһазға тұрақты тапсырыс бермек.

Сонымен бірге ол маусымдық тәуелділік мәселесі шешілетінін айтты.

Біз Алматыны жыл бойы турист қабылдайтын орталыққа айналдырамыз. Бұл қаладағы шағын және орта бизнестің 365 күн тұрақты табыс табуына мүмкіндік береді, — деді Қиқымов.

Жоба аясында мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр. Бұл тек тау кластерінің өзінде ғана емес, сауда, көлік және қызмет көрсету салаларына да әсер етеді.

Салық түсімдерінің артуы Алматының инфрақұрылымын дамытуға қайта инвестиция салуға мүмкіндік береді, — деді ол.

Сөз соңында Мақсат Қиқымов Алматы тау кластерін дамыту ұлттық мүдде мен кәсіпкерлік бастаманың тепе-теңдігіне негізделгенін атап өтті.

Осы екі бағыттың тоғысында біз әлемдік деңгейдегі курорт қалыптастырып, кәсіпкерлікке қуатты әлеуметтік-экономикалық серпін бере аламыз, — деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Көкжайлау жобасын әзірлеушілер не уәде еткені хабарланды

Наверх