Қоғам қайраткері, саясаткер Мұхтар Тайжан Көкжайлауда тау-шаңғы курортын салу жобасына қатысты қоғамда тараған негізгі “мифтерге” жауап берді. Ол арнайы жиында жобаға қарсы айтылып жүрген пікірлердің көпшілігін негізсіз деп санайтынын айтты.
Тайжанның сөзінше, Көкжайлау аумағында тұрғын үй кешендері салынбайды және жер жеке меншікке берілмейді.
Жер мемлекет меншігінде, нақтырақ айтқанда Іле Алатауы ұлттық паркінің қарамағында қалады. Ол ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесінен айырылмайды. Сондықтан заң жүзінде тұрғын үй кешендерін салу мүмкін емес, – деді ол.
Сондай-ақ саясаткер жаяу туристер үшін аумақ жабылмайтынын айтты. Оның пікірінше, Көкжайлаудағы жаяу соқпақтар халықаралық стандарттарға сай абаттандырылады.
Тайжан климаттың жылынуы Көкжайлауда тау-шаңғы курортын салуға кедергі болмайтынын атап өтіп, көрші елдердегі мысалдарды келтірді.
Сауд Арабиясы шөл далада тау-шаңғы кешенін салып жатыр. Өзбекстан мен Әзербайжан да Шымбұлақтан төмен орналасқан аумақтарда курорттар ашты. Қазіргі технологиялар қарды 100 пайыз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді ол.
Тайжан Көкжайлаудағы қар көшкіні қаупі туралы да пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл мәселе ондаған жылдан бері айтылып келеді, алайда қазіргі инженерлік шешімдер мен болжау технологиялары тәуекелді азайтуға мүмкіндік береді.
Бұрын көліктерде ABS жүйесі де болмаған. Қазір техника дамыды. Қар көшкінінің алдын алу жолдары бар, – деді қоғам қайраткері.
Экология мәселесіне тоқталған ол тау-шаңғы курорты қаланың ауасына кері әсер етпейді деп есептейді.
Ол жерде цемент зауыты немесе атом реакторы салынбайды. Керісінше алматылықтар экологиялық ахуал қиындаған кезде тауға көтеріліп, таза ауада демала алады, – деді Тайжан.
Жиында жасанды көл мәселесі де көтерілді. Саясаткердің айтуынша, Көкжайлауда салынуы мүмкін су қоймасы шағын көлемде болады және қалаға қауіп төндірмейді.
Онда 60-80 мың текше метр су жиналуы мүмкін. Ал Үлкен Алматы көлінде 10-14 млн текше метр су бар. Сондықтан бұл қаланы су басады деген пікір шындыққа жанаспайды, – деді ол.
Сондай-ақ ол жасанды көл Алматыны ауызсусыз қалдырады деген пікірмен келіспейтінін айтты.
Алматы жылына шамамен 250 млн текше метр су тұтынады. Ал Көкжайлаудағы жасанды көл бұл көлемнің бір пайызына да жетпейді, – деді Тайжан.
Археологиялық және тарихи мұра мәселесіне қатысты да пікір айтылды. Оның сөзінше, мамандармен кеңес нәтижесінде сақталуы тиіс нысандар қорғалады.
Бұл жерде петроглифтер немесе қорғандар жоқ. Кейбір көне қоныс іздері ғана бар. Біз оларды туристік нысанға айналдыра аламыз, – деді ол.
Тайжан Көкжайлаудың топырағы тау-шаңғы курортын салуға жарамсыз деген пікірді де жоққа шығарды.
Көкжайлау геологиялық тұрғыда Шымбұлақ, Ой-Қарағай немесе Табағаннан ерекше емес. Соңғы қорытындыны топырақтану институтының мамандары береді, – деді саясаткер.
Сондай-ақ ол Көкжайлаудағы Сиверс алмасы мен Қызыл кітапқа енген өсімдіктерге жоба қауіп төндірмейтінін айтты.
Сиверс алмасы бүкіл Іле Алатауында өседі. Біз айтып отырған аумақ оның территориясының 0,1 пайызы ғана. Сондықтан оған апат болатындай қауіп жоқ, – деді Мұхтар Тайжан.
Бұған дейін Алматыда Almaty Superski жаңа тау курортының жобасы таныстырылған еді.