Жоба авторлары Көкжайлау аумағындағы өсімдіктер жамылғысы, жануарлар әлемі, мұздықтар, су ресурстары және тарихи-мәдени ескерткіштер бойынша арнайы сараптамалар жүргізілгенін мәлімдеді.
Таныстырылым барысында жоба аумағындағы флора мен фаунаның жағдайына ерекше назар аударылғаны айтылды.
Зерттеу дерегіне сәйкес, Іле Алатауы флорасында 2341 өсімдік түрі бар. Оның 299 түрі сирек кездесетін немесе қорғауға жататын өсімдіктер қатарына кіреді. Мамандар құрылыс аймағынан тыс жерлерде қызыл кітапқа енген өсімдіктердің өсу аумақтары сақталатынын мәлімдеді.
Көкжайлау жобасы аясында буферлік аймақтар құру, осал табиғи аумақтарға келушілер санын шектеу және табиғи өсімдік жамылғысына түсетін әсерді азайту шаралары қарастырылған.
Сонымен қатар жоба аумағындағы жануарлар әлеміне қатысты зерттеу нәтижелері де жарияланды. Мәлімет бойынша, өңірде сүтқоректілердің 38 түрі, құстардың 240 түрі, бауырымен жорғалаушылар мен қосмекенділердің бірнеше түрі тіркелген. Бұдан бөлек, жәндіктердің 1800-ден астам түрі анықталған.
Жоба әзірлеушілері табиғатты қорғау талаптарын сақтай отырып, негізгі мекендеу орталарын қорғау және экологиялық тәуекелдерді азайту бойынша ұсыныстар дайындалғанын айтты.
Тыңдауда климаттың өзгеруі мен мұздықтардың жағдайына қатысты зерттеулер де таныстырылды. Слайдтағы мәліметке сәйкес, жоба аумағына жақын орналасқан мұздықтар Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бассейнінде жатыр.
Мамандардың айтуынша, жоба мұздықтардың қазіргі жағдайына тікелей әсер етпейді. Алайда мұздықтарға ықтимал әсерді бақылау үшін 5-10 жыл аралығында тұрақты мониторинг жүргізу қажет екені айтылды.
Қоғамдық тыңдауда су ресурстары мәселесі де көтерілді. Жоба аясында гидрологиялық және гидрогеологиялық зерттеулер жүргізіліп, Көкжайлау шатқалындағы су қорына талдау жасалған.
Мамандар бірнеше учаскеде өзен ағысының жылдамдығы мен су көлемін өлшеп, су сапасына зертханалық сараптама жасаған. Су сынамаларының химиялық құрамы, минералдану деңгейі мен қаттылығы тексерілген.
Жоба авторлары барлық жұмыстар Қазақстанның су заңнамасы талаптарына сәйкес және Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясымен бірлесіп жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Бұдан бөлек, археологиялық зерттеулер нәтижесінде Көкжайлау аумағында 21 тарихи ескерткіш анықталғаны хабарланды. Оның ішінде тұрғын, шаруашылық және жерлеу нысандары бар.
Мамандардың айтуынша, құрылыс жобасымен қабыспайтын ескерткіштер толық сақталады. Ал құрылыс аймағына түсетін бөліктерде археологиялық бақылау жүргізіледі.
Жоба әзірлеушілері Көкжайлауды дамыту табиғи экожүйеге әсерді барынша азайта отырып іске асырылатынын атап өтті.
Бұған дейін Алматыда Almaty Superski жаңа тау курортының жобасы таныстырылған еді.