Павлодар мектебінде өткір иісі бар таблеткалар табылды: Төрт баланың денсаулығы нашарлады
Өткір иісті дәрілер: Павлодарлық оқушылар ауруханаға жүгінді.
Павлодар мектептерінің бірінде төрт оқушы сабақтан кейін өздерін жайсыз сезінген. Оқу кабинетінен өткір иісі бар таблеткалар табылды. Үш балаға дәрігерлердің көмегі қажет болған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға 2026 жылғы 12 қазанда болған. 2014 және 2015 жылы туған үш оқушы улану белгілерімен облыстық балалар ауруханасына жүгінген. Тексеруден кейін дәрігерлер оларды бақылауда болу үшін үйлеріне жіберді. Балалардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды.
«2026 жылғы 12 қазанда Павлодардағы мектептердің біріндегі оқу кабинетінен өткір иісі бар таблеткалар табылды. Сабақтан кейін төрт оқушы өзін жайсыз сезінді. Тексеру нәтижелері бойынша олардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды», – деп хабарлады жергілікті Білім басқармасы BAQ.KZ сауалына берген жауабында.
Оқиғадан кейін мектеп әкімшілігі ішкі тексеру жүргізді. Оның қорытындысы бойынша жауапты қызметкерлерге қатысты тәртіптік шаралар қолданылды.
Білім басқармасы бұл қандай таблеткалар екенін және олардың оқушылардың денсаулығының нашарлауына қатысы бар-жоғын нақтыламады.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда оқушылар уланып, тағы үш бала ауруханаға жеткізілгені хабарланды.
Тағы оқи отырыңыз:
Ақтауда ысталған балықтан уланған 9 жасар бала қайтыс болды
Алматыда 50-ге жуық оқушы жаппай уланған: Қылмыстық іс қозғалды