Бүгiн 2026, 12:57 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Өскемендегі сарбаз өлімі: Прокуратура марқұм мен тағы 6 сарбазға қысым көрсетілгенін анықтады

Лауазымды тұлғалар тарапынан жарғыдан тыс қарым-қатынастарға жол берілген. Атап айтқанда, марқұмға және тағы алты сарбазға психологиялық қысым көрсетілген.

Өскеменде сарбаздың қаза болу дерегі бойынша әскери бөлімнің лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу аяқталды.
 
Бас әскери прокуратураның арнайы прокурорлары 23 қаңтарда сарбаз Қ. Оспановтың қаза болу дерегі бойынша Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінің батальон және взвод командирлеріне қатысты қылмыстық істі тергеп-тексеруді аяқтады.

Тергеу барысында лауазымды тұлғалардың бірнеше рет жарғыдан тыс қарым-қатынасқа жол бергені, қаза болған әскери қызметшіге және оның алты қызметтесіне психологиялық қысым көрсеткені анықталды. Сонымен қатар, взвод командирі қару-жарақты сақтау тәртібіне тиісті бақылау жүргізбей, қызметтік міндеттерін орындаудан шет қалған. Тергеу әрекеттерін тиісті түрде ұйымдастыру нәтижесінде жеткілікті дәлелдемелер базасы жедел жинақталды, қысқа мерзімде қажетті сараптамалар жүргізілді, қылмыстарға қатысы бар барлық тұлғалар белгілі болды, - деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Билікті асыра пайдалану және қызметке салғырт қарау фактілері бойынша бірнеше эпизодтан тұратын қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.

Бірқатар кадрлық шешімдер қабылданды. Әскери бөлім командирі және оның екі орынбасары лауазымдарынан босатылды, 9 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, - делінген хабарламада. 

Еске салайық, бұған дейін Өскеменде мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген сарбаз көз жұмғаны хабарланды. 

Тағы оқи отырыңыздар:

«Жігіттерді кафеден әскерге күштеп әкетіп жатыр»: Қорғаныс министрлігі жауап берді

Жалған "диагноз" бен "ақ билет": Заңды елемейтін "көмекшілер" де, шақырылушылар да жауапқа тартылады

Сарбаздарға телефон қолдануға бола ма? Министр бұйрыққа қол қойды