Өскеменде заңсыз алтын өндіргендер 4 жылға сотталды
15 келіден астам алтын өндіріліп, табиғатқа 300 млн теңгеден аса залал келген. Сотталушылардан қымбат мүлік пен ақша тәркіленді.
Өскемен қаласында «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ филиалы директорының бұрынғы орынбасары А.А. Рахымжанов пен Д.М. Нұртазин 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, олар Ұлан ауданындағы Шыбынды учаскесінде алтынды заңсыз өндіруді ұйымдастырған.
Осы мақсатта олар өздеріне бағынысты «EastGoldStone» ЖШС-ны пайдаланған. Аталған серіктестіктің тек қатты пайдалы қазбаларды барлауға ғана лицензиясы болған.
Алтын өндіру жұмыстары ауыр техниканың – экскаваторлар, тиегіштер, самосвалдар, сондай-ақ жуу жабдығының көмегімен жүргізілген.
Заңсыз өндірілген алтын көлемі 15 келіден асқан, оның құны 844 млн теңгеден жоғары. Тергеу барысында құны 382 млн теңге болатын 6,7 кг алтын мен 579 г күміс тәркіленді.
Қылмыстық әрекет қоршаған ортаға елеулі зиян келтірген. Бүлінген жер аумағы 18,2 гектарды құрады. Сонымен қатар заңсыз әрекет барысында мемлекеттік орман қорына жататын ағаштар мен бұталар жойылып, зақымдалған. Экологиялық залалды жоюға қажетті жұмыстардың құны 300 млн теңгеден асты, - деп хабарлады ҚМА.
Белгілі болғандай, сот шешімімен құны 372 млн теңге болатын мүлік тәркіленді. Оның ішінде 4 жүк көлігі, 2 экскаватор, 2 тиегіш, гидрожуу құрылғысы, сондай-ақ 10 млн теңге және 56 мың АҚШ доллары көлеміндегі қолма-қол ақша бар.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, бұған дейін Қызылордада заңсыз алтын өндірген топ ұсталды. Тінту кезінде қару мен жүздеген грамм алтын табылды. 13 адам қамауға алынып, қылмыстық топтың қалай әрекет еткені тергеу барысында белгілі болды.