Оқушылар арасында тіс жегісі неге көбейіп кетті? ДСМ маңызды мәлімдеме жасады
Денсаулық сақтау министрлігі оқушылар арасында ең жиі кездесетін ауруларды атады.
Қазақстанда мектеп жасындағы балалар арасындағы аурулардың алдын алу шаралары күшейтілуде. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 3,6 миллион бала медициналық тексеруден өтті. Оның нәтижесі бойынша 302 мың баладан ауру анықталып, 119 мыңнан астам бала динамикалық бақылауға алынды.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында мектеп жасындағы балаларды профилактикалық қарап-тексеру кезінде тіс жегісінің 80 169 жағдайы анықталды.
Бос қанттарды жиі тұтыну – тіс жегісінің дамуына ықпал ететін негізгі тағамдық факторлардың бірі. Сондықтан оның алдын алу тек стоматологқа қаралумен шектелмейді. Бұл – күнделікті дағдылардың жиынтығы: ауыз қуысының гигиенасын сақтау, тәтті сусындар мен құрамында қант мөлшері жоғары өнімдерді тұтынуды азайту, таза ауызсудың қолжетімді болуы және медициналық көмекті уақтылы алу. 2025 жылдан бастап білім беру ұйымдарында балалардың тамақтану рационындағы қант пен тұз мөлшерін азайтуды көздейтін мектептегі тамақтанудың жаңа стандарты енгізілді, - деп хабарлады ДСМ баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, «Болашаққа сау тіспен» жобасы шеңберінде екі жылдың ішінде стоматологиялық профилактикаға арналған 166 кабинет ашылды. Олардың жұмысы оқушылардың ауыз қуысына күтім жасау дағдыларын қалыптастыруға және стоматологиялық аурулардың алдын алуға бағытталған.
Сонымен қатар профилактикалық медициналық қарап-тексеру жүйесіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдары енгізілуде.
2027 жылдан бастап ата-аналарға балалардың алдағы медициналық қарап-тексерулері туралы SMS-хабарламалар жіберу жоспарланып отыр. Бұл отбасыларға алдын ала ескерту алуға және қажетті тексерулерден уақтылы өтуге мүмкіндік береді. Балалардың денсаулығына төнетін заманауи қауіп-қатерлер тек медицина саласымен шектелмейді. Тамақтану, дене белсенділігі, ұйқы, психологиялық саулық және баланың күнделікті уақытының едәуір бөлігін өткізетін орта оның денсаулығына тікелей әсер етеді, - делінген хабарламада.
Осыған байланысты ДСМ балалардың денсаулығын сақтау үшін денсаулық сақтау және білім беру жүйелерінің, жергілікті атқарушы органдардың және отбасылардың бірлескен жұмысы қажетт екенін атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында балаларды қағаз жүзінде емдеген клиника директоры 66 млн теңге жымқырғаны анықталды.
Тағы оқи отырыңыз:
Астанада емделуші стоматологиялық емханада ұрлыққа түсті
Қазақстанда 242 мың баладан профилактикалық тексеруден кейін аурулар анықталды