28 Тамыз 2026, 09:56 Фото: видеодан алынған кадр

Непалдағы жойқын апат: Із-түзсіз кеткен қазақстандықтардың саны артты

Бұған дейін бір қазақстандық әйелдің жоғалғаны хабарланған еді. Енді СІМ Непалда екі азаматшаның іздестіріліп жатқанын растады.

Непал мен Қытай шекарасы аймағында болған табиғи апаттан кейін Қазақстанның екі азаматшасын іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі BAQ.KZ редакциясының сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, бұған дейін Непалдағы су тасқынынан кейін бір қазақстандықтың жоғалғаны хабарланған болатын. Қазір іздестіріліп жатқан Қазақстан азаматшаларының саны екеуге жетті.

Табиғи апат орын алған Непал мен Қытай шекарасы аймағында болуы мүмкін Қазақстанның екі азаматшасын іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұған дейін хабарланғандай, олардың бірі туристік топ құрамында екі ел арасындағы шекарадан өткен, – деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта министрлік Непалдың жергілікті мемлекеттік органдарымен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр. Сонымен қатар қазақстандықтардың туыстарымен тұрақты байланыс орнатылған.

Айта кетейік, Непалдағы табиғи апат салдарынан қаза тапқандар саны 469 адамға жеткен. Жергілікті БАҚ 667 туристің хабар-ошарсыз кеткенін хабарлап отыр.

Құрбандардың ең көбі Читван провинциясында тіркелген. Онда 178 адам қаза тапқан. Сонымен қатар 28 полиция қызметкері де із-түзсіз жоғалғандар қатарында.

Құтқарушылар табиғи апат аймағынан Ресей, Болгария, Үндістан, Италия, АҚШ, Оңтүстік Корея және Швейцария азаматтарын қоса алғанда, 31 шетелдікті эвакуациялаған.

Оқшауланып қалған аудандарға жету үшін құтқару қызметтері, полиция мен армия тікұшақтарды пайдаланып жатыр. Құтқарушылар өзен жағалауларын тексеру жұмыстарын да жалғастыруда.

ҚР СІМ қазақстандықтардың жағдайына қатысты ақпаратты жергілікті органдармен бірлесіп анықтап, іздестіру жұмыстарын бақылауда ұстап отыр.

Еске салсақ, Непал мен Қытайдың Тибет автономиялық өңірі шекарасында кенеттен болған жойқын тасқын салдарынан кемінде тоғыз адам қаза тауып, жүздеген турист із-түзсіз жоғалып кетті. Әлеуметтік желілер мен жергілікті БАҚ-та тараған бейнежазбаларда адамдардың қатты ағысқа ілесіп кеткені көрінеді.

Кейін су тасқынынан соң 400 туристің із-түзсіз жоғалғанын жаздық.

Бұған дейн ҚР Сыртқы істер министрлігі бұл жағдай министрліктің бақылауында екенін айтып, Непалдағы су тасқынынан зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін мәлімдеген болатын.

Ал кеше белгілі болғандай, Непалдың Расува ауданында болған жойқын су тасқынынан кейін қазақстандық азаматша хабар-ошарсыз кеткендер қатарында. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі BAQ.KZ редакциясының сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Тағы оқи отырыңыз: Қытайдағы жойқын сел: Тоқаев Си Цзиньпинге көңіл айтты