27 Шілде 2026, 15:27 Фото: oilexp.ru

КТК мұнай тиеуді қайта бастады 

Каспий құбыр консорциумы жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдауды және оны Новороссийск портындағы теңіз терминалы арқылы тиеу операцияларын қайта бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Қазіргі уақытта КҚК-ның екі айлақ құрылғысында SEAMAJESTY және MILOS танкерлеріне мұнай тиеу жүзеге асырылуда. Екі кеме де «Теңізшевройл» ЖШС мұнайын қабылдап жатыр.

Мұнай қабылдаудың қайта жандануы мұнай өндіруші компанияларға шикізатты құбыр жүйесіне жеткізуді жалғастыруға және теңіз терминалы арқылы экспорттық операцияларды қайта бастауға мүмкіндік береді.

Теңіз терминалындағы операциялар ағымдағы жағдайды бағалау және қауіпсіздік талаптарын сақтау ескеріле отырып жүргізілуде.

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі КҚК басшылығымен, ірі жүк жөнелтушілермен және үдеріске қатысушы басқа да тараптармен тұрақты өзара іс-қимыл жасап келеді. Ведомство жағдайды бақылауды жалғастырып, қазақстандық мұнайды одан әрі тасымалдауды қамтамасыз етуге бағытталған іс-қимылдарды үйлестіруде.

Еске сала кетейік, бұған дейін дрон шабуылынан кейін КҚК терминалында мұнай тиеу тоқтатылғаны хабарланды.

Сондай-ақ, Қазақстан мұнайының шамамен 80 пайызы Каспий құбыр консорциумы арқылы экспортталады. Алайда Қара теңіздегі танкерлерге жасалған дрон шабуылдары бұл бағыттың қаншалықты осал екенін көрсетті. КТК арқылы мұнай тасымалы ұзақ уақытқа тоқтаса, Қазақстан қанша шығынға ұшырайды? Ел бюджетіне қандай салмақ түседі? Қазақ мұнайын Еуропаға жеткізетін балама бағыттар бар ма?  Осы сауалдарға Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының (KazService) Президиум төрағасы Рәшид Жақсылықов жауап берген еді.

Тағы оқи отырыңыз:

ҚР СІМ КҚК арқылы мұнай тасымалдаған кемелерге жасалған шабуылға қатысты мәлімдеме жасады.

Қазақстан Каспий жобасы үшін БАӘ-ден қондырғы сатып алды