Клиника өлім уақытын айтпаған: Блогер Сәуле Базарханның ісі бойынша жаңа мәліметтер пайда болды
Сәуле Базарханның жақындары 15 мамыр күні кешке клиникадағылар оның қайтыс болғанын ұзақ уақыт бойы хабарламағанын және не болғанын түсіндірмегенін мәлімдеді.
Блогер Сәуле Базарханның өліміне қатысты іс бойынша жаңа мәліметтер пайда болды. Марқұмның жақын құрбысының қызы Threads желісінде 15 мамыр күні кешке клиникаға алғашқылардың бірі болып келгендерін жазды.
Алайда, оның айтуынша, кешкі сағат 20:00-ге дейін оларға әйелдің қайтыс болғаны туралы ешкім хабарламаған.
Менің анам – оның ең жақын құрбысы, 15 мамыр күні кешке клиникаға бірінші болып біз жеттік. Кешкі сағат 20:00-ге дейін бізге ешкім өлім туралы хабарлаған жоқ. Келген бойда оқиға орнында полицияның да, жедел жәрдемнің де болмағанынан шок алдым. Дәрігерлер оның қайда екенін, не болғанын және қашан қайтыс болғанын айтпай, ештеңе түсіндірмеді. Бәрі үнсіз тұрды. Ешқандай жанашырлық байқалмады. Мен мұны кінәлілердің барлығы жазасын алсын деп жазып отырмын, – деп жазды ол.
Автор жазбаға видео тіркеген. Марқұмның жақындары өлімнің нақты қашан болғанын анықтауды, бұл ақпаратты неліктен бірден хабарламағанын және клиника қызметкерлерінің қандай әрекеттер жасағанын тексеруді талап етуде.
Отадан кейінгі тағы бір өлім: Ұқсастықтар
CMN.KZ хабарлауынша, Сәуле Базарханның өлімінен кейін желіде 2020 жылы болған жағдай қайтадан еске алына бастады. Ол кезде Алматы тұрғыны Жәмила Жылқайдарова липосакциядан (май алдыру отасынан) кейін қайтыс болған еді. Басылымның мәліметінше, сол тұста іс материалдарында бұған дейін Розыбакиев көшесі, 289/2 мекенжайы бойынша тіркелген EL’REY клиникасының атауы аталған.
Редакцияның атап өтуінше, қазіргі уақытта дәл осы мекенжайда Smart Beauty Clinic жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, ашық дереккөздердегі мәліметтерге сүйенсек, бұл екі заңды тұлғаны бір басқарушы тұлға байланыстыруы мүмкін. Дегенмен, басылым мына жайтқа баса назар аударады: ашық қолжетімді деректерде EL’REY мен Smart Beauty Clinic арасында атауын өзгерту немесе құқықтық мұрагерлік туралы тікелей құжаттар жоқ. Бұл мән-жайларды құзырлы органдар тексеруі тиіс.
Не болды?
Алматыда жеке клиникада жасалған жоспарлы отадан кейін қазақстандық блогер және бизнесвумен Сәуле Базархан қайтыс болды. Бұл қайғылы жағдай туралы әлеуметтік желіде марқұмның келіні хабарлады. Оның айтуынша, липосакция отасы 15 мамыр күні жергілікті анестезиямен (жансыздандырумен) жасалған.
Туыстарының сөзіне қарағанда, бірнеше сағат бойы отбасына емделушінің жағдайы туралы ешқандай ақпарат берілмеген.
Бір сағат. Бір жарым. Екі. Үш сағат өтті. Сұрақтарға жауап бермеді. Тек үнсіз тұрды, – деп жазды марқұмның қызы әлеуметтік желіде.
Алматы қалалық Полиция департаменті қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлады.
Кейінірек Smart Beauty жеке пластикалық хирургия клиникасы қазақстандық блогер және бизнесвумен Сәуле Базарханның өлімінен кейін ресми мәлімдеме жариялады. Клиника өкілдері өз жолдауында марқұмның отбасына көңіл айтты.
Тағы оқи отырыңыздар:
Блогерлердің миллиардтаған табысы: Кірістер комитеті кімдерді тексеріп жатқанын айтты