Каспий дағдарысы: Экологиялық проблема ма, әлде Қазақстан үшін экономикалық қауіп пе?
Каспий тартылып барады: теңіз деңгейі күрт төмендеп, экожүйе мен экономикаға қауіп күшейді. Бұл Қазақстан үшін қаншалықты қауіпті?
Каспий теңізі XXI ғасырдың соңына қарай 9-18 метрге дейін тартылуы мүмкін. Мұндай сценарий жүзеге асса, Қазақстанға тиесілі теңіз бөлігінің едәуір аумағы шөлге айналуы ықтимал. Сарапшылар бұл мәселе тек экологиямен шектелмей, ел экономикасына да тікелей қауіп төндіріп отырғанын айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2026 жылы Үкімет теңізді зерттеу және сақтау жұмыстарына 1,1 млрд теңге бөлген. Бұл қаржы Каспийдің қазақстандық секторын ғылыми тұрғыда зерттеуге, мониторинг жүргізуге және арнайы зерттеу институтының мүмкіндігін арттыруға бағытталған. Ал өткен жылы осы бағытқа 305 млн теңге бөлінген. Бірақ бұл қаржы аталмыш мәселелерді толық шеше алмайды.
Теңіз деңгейі неге төмендеп жатыр?
Соңғы 20-30 жылда Каспий теңізінің деңгейі шамамен 1,5-2 метрге төмендеген. Ғалымдардың бағалауынша, бұл үрдіс алдағы онжылдықтарда жалғасуы мүмкін.
Мамандар теңіз деңгейінің төмендеуін бірнеше негізгі фактормен байланыстырады: климаттың жылынуы салдарынан буланудың күшеюі, сондай-ақ Каспийге құятын өзен суларының азаюы. Соның нәтижесінде кей өңірлерде жағалау сызығы ондаған метрге дейін шегінген.
Экожүйе өзгеріп жатыр
Каспийдің тартылуы ең алдымен табиғи ортаға әсер етуде. Бүгінде балықтардың уылдырық шашатын аймақтары азайып, су тұздылығы өзгеріп жатыр.
Әсіресе Каспий итбалығының жағдайы алаңдатарлық. Сарапшылардың дерегінше, өткен ғасырда олардың саны 1 миллионға жуық болса, қазір 100 мыңнан сәл ғана асады.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитеті жүргізген зерттеулерге сәйкес, итбалықтардың жаппай қырылуына олардың иммунитетінің әлсіреуі мен ағзасының төзімділігінің төмендеуі себеп болуы мүмкін.
Эколог Сәкен Ділдахмет айтуынша, мәселе тек су көлемінің азаюында емес.
Каспийдегі жалғыз теңіз сүтқоректісі – Каспий итбалығы жойылу қаупіне жақындап келеді. Итбалықтардың тіршілігі тікелей мұз жамылғысына байланысты: олар қыс мезгілінде Солтүстік Каспийдегі мұз үстінде төлдейді,жақын маңдағы аралдарды мекен етеді. Бұл тек итбалықтарға ғана емес, Каспийдегі балықтар, құстар мен басқа да жануарлар үшін үлкен қауіп. Экожүйе толықтай өзгеруі мүмкін, - дейді сарапшы.
Сонымен қатар мұнай өндіру мен өндірістік қалдықтар да теңізге қосымша антропогендік қысым түсіріп отыр.
Тағы оқи отырыңыздар: Газ, індет әлде экология: Каспийдегі итбалықтардың қырылуына не себеп?
Халықаралық деңгейде талқылануда
Каспий мәселесі Астанада өткен өңірлік экологиялық саммитте қайта көтерілді. Каспий маңы елдерінің өкілдері теңіз деңгейінің төмендеуі экологиялық ғана емес, инфрақұрылымдық және экономикалық қатерге айналғанын мәлімдеді.
Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев Каспийді сақтау – бес мемлекет үшін ортақ міндет екенін атап өтті.
Бүгінде теңіз деңгейінің өзгеруі, экожүйелердің деградациясы және ластану барлық Каспий маңы елдерінің мүддесіне әсер етеді. Бұл мәселелер келісілген, ғылыми негізделген шешімдерді талап етеді, - деді ол.
Оның айтуынша, қазіргі таңда 2026-2036 жылдарға арналған өңірлік іс-қимыл жоспары әзірленіп жатыр.
Тегеран конвенциясының хатшылығы да Каспий мәселесін кешенді басқару қажеттігін алға тартады.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізі маңында әскери әрекеттерге тыйым салу қажет екенін айтып, халықаралық қауымдастықты теңізді сақтау үшін бірлесіп әрекет етуге шақырды.
Тағы оқи отырыңыздар: Каспий деңгейінің төмендеуі: өңір елдері бірлескен шешім іздеуде
Экономикаға әсері қандай?
Теңіз деңгейінің төмендеуі мен экожүйенің әлсіреуі бұл ресурсты тиімді пайдалануға қауіп төндіріп отыр. Себебі сол аймақ елдері үшін Каспий – стратегиялық ресурс дейді Unops ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Тим Ларднер.
Каспий өңіріндегі қазіргі жағдайды тек экологиялық мәселе ретінде қарастыру жеткіліксіз. Бұл – экономика, инфрақұрылым және әлеуметтік факторлармен тығыз байланысты кешенді мәселе, - деді Тим Ларднер.
Сондықтан мемлекеттер арасында үйлестірілген саясат пен нақты жобалар қажет. Бұл тек табиғатты қорғау емес, ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесі екенін алға тартады.
Ал эколог Қазақстан үшін Каспийдің маңызы ерекше екенін айтады.
Каспий теңізінің жыл сайынғы экономикалық айналымы трлн доллардан асады. Бұл оның айналасындағы бес мемлекет арасындағы логистика, тауар айналымы мен көмірсутек тасымалы да осы теңіз арқылы өтеді деген сөз. Ал Қашаған кен орны – ел бюджетінің маңызды кіріс көзі, - дейді ол.
Бұл басқа мемлекеттер үшін де тиімсіз. Каспийдің тартылуы осы теңізбен шектескен барлық мемлекеттерге үлкен экономикалық шығын әкеліп жатқаны сөзсіз. Сондықтан теңіз ортақ болғандықтан, барлығына тиімді болатын шешімдер әлі де қабылдануды қажет ететіндігін айтады сарапшы.
Әзербайжан Каспий кен орындарынан жыл сайын шамамен 3,3 млрд доллар табыс табады. Ресей жылына 300 мың тоннаға жуық балық аулайды.Осы тұрғыдан алғанда, теңіз деңгейінің төмендеуі порттар жұмысына, мұнай-газ жобаларына, азық-түлік қауіпсіздігіне,халықтың табысына тікелей қауіп төндіреді, - дейді ол.
Каспий – ортақ жауапкершілік
Сарапшылардың пікірінше, Каспий теңізіндегі қазіргі жағдай – тек табиғи құбылыс емес, кешенді басқаруды талап ететін мәселе.
Біз соңғы жылдары теңіз деңгейінің төмендеуі, биоалуантүрліліктің азаюы және антропогендік қысымның күшеюін байқап отырмыз, - деді Тегеран конвенциясының хатшылығы үйлестірушісі Махир Алиев.
Оның сөзінше, Тегеран конвенциясы аясында мемлекеттер бұл проблемаларды бірлесіп шешуге міндетті. Себебі Каспий – ортақ ресурс, ал оның болашағы барлық елдердің үйлесімді әрекетіне байланысты.
Тағы оқи отырыңыздар: 12 тамызда Иранда Каспий маңы елдерінің саммиті өтеді