Каспий деңгейінің төмендеуі: өңір елдері бірлескен шешім іздеуде

Мамандардың пікірінше, ұсынылған шаралар Каспий теңізіндегі экологиялық ахуалды тұрақтандырумен қатар, өңір елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және ұзақ мерзімді тұрақты дамуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 Экология және табиғи ресурстар министрлігі Бүгiн 2026, 22:11
Бүгiн 2026, 22:11
111
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Астанада өткен өңірлік экологиялық саммит аясында Каспий теңізінің мәселелеріне арналған жоғары деңгейдегі диалог өтті. «Тегеран конвенциясы бойынша жоғары деңгейдегі диалог: Каспий теңізі бойынша ынтымақтастықты нығайту» атты панельдік сессияға мемлекеттік органдар өкілдері, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесудің басты тақырыбы – Каспий теңізі деңгейінің соңғы онжылдықтарда шамамен 2 метрге төмендеуі болды. Қатысушылар бұл үрдіс экожүйеге, экономикаға және өңір халқының өміріне елеулі қауіп төндіріп отырғанын атап өтті.

Қазақстан Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев Каспийді сақтау бес мемлекет үшін ортақ міндет екенін жеткізді. Оның айтуынша, теңіздегі өзгерістер мен ластану мәселелері келісілген, ғылыми негізделген шешімдерді талап етеді. Бұл ретте Тегеран конвенциясы өңірлік ынтымақтастықтың негізгі құқықтық тетігі болып қала береді.

БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, ЮНЕП атқарушы директоры Ингер Андерсен Каспийдегі жағдайды экологиялық әрі гуманитарлық дағдарыс ретінде бағалап, елдерді бірлескен нақты іс-қимылдарға шақырды. Ол 2026–2036 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын тез арада қабылдап, жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.

Диалог барысында қатысушылар бірыңғай ғылыми модельдер әзірлеу, деректер алмасуды күшейту және экологиялық жобаларға халықаралық қаржы тарту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ алдағы уақытта бұл жоспарды кең ауқымды мемлекетаралық бағдарламаға айналдыру мүмкіндігі қарастырылды.

Мамандардың пікірінше, ұсынылған шаралар Каспий теңізіндегі экологиялық ахуалды тұрақтандырумен қатар, өңір елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және ұзақ мерзімді тұрақты дамуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Наверх