16 Қазан 2026, 10:24 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

«Ішінен, бүйрегінен ұрып, аузына шикі балық тыққан»: Алматыда 11 жастағы баланы жасөспірімдер қорлаған

Алматыда бір топ жасөспірім бір айдан астам уақыт балаларды қорлаған. Анасының жан түршігерлік мәлімдемесінен кейін полиция не деді?

Алматының Тастақ шағынауданында бір топ жасөспірімнің 11 жастағы баланы және басқа да балаларды бір айдан астам уақыт қорлағаны туралы ақпарат тарады. Баланың анасы ұлын ұрып-соғып, балағаттап, қорлағанын мәлімдеді. Алматы қаласының Полиция департаменті BAQ.KZ редакциясының сауалына жауап беріп, оқиға бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Алматылық Ерке есімді әйелдің айтуынша, 13-14 жастағы жасөспірімдер оның ұлын және ауладағы басқа балаларды ұзақ уақыт бойы қорлаған. Анасы баласының ішіне және бүйрегіне соққы тигенін, сондай-ақ оны балағаттап, қорлағанын айтты.

Менің балам өз үйінің ауласында қандай жағдайды бастан өткергенін елестетіп көріңіздерші. 13-14 жастағы жасөспірімдер бір айдан астам уақыт балаларды қорлаған. Менің ұлымның ішінен және бүйрегінен ұрған, былапыт сөздермен балағаттаған. Сондай-ақ Сайраннан аулап әкелген шикі балықты оның аузына және құлағына тыққан, – деп жазды әйел.

Оның сөзінше, жасөспірімдер басқа балаларды бір-бірімен төбелесуге мәжбүрлеген. Бұл жағдайды ауладағы өзге балалар да көрген. Анасы полицияға арыз жазғанын, сондай-ақ жасөспірімдердің әрекетіне байланысты басқа ата-аналар да құқық қорғау органдарына жүгінгенін мәлімдеді.

Полиция не дейді?

Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі BAQ.KZ редакциясының сауалына берген жауабында аталған дерек бойынша Алмалы аудандық полиция басқармасының полиция бөлімі тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады.

Оқиғаның мән-жайы жан-жақты әрі объективті зерделенеді. Атап айтқанда, оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталады, – делінген полиция жауабында.

Ведомство мәліметінше, құқыққа қайшы әрекеттер расталған жағдайда кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады. Сонымен қатар жасөспірімдерді белгіленген тәртіппен профилактикалық есепке қою мәселесі қаралады.

Алматы қаласының Полиция департаменті балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға ерекше назар аударылатынын атап өтті. Ведомствоның хабарлауынша, мұндай сипаттағы әрбір өтініш белгіленген тәртіппен қаралады.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы тексеріліп жатыр.

Еске салсақ, Ақмола облысында ұлын ұрған әке жазаланғанын хабарлады. Баласы әкесін кешіріп, жазаламауды сұраған. Алайда сот істі тоқтатудан бас тартып, ер адамға жаза тағайындады. 

Тағы оқи отырыңыз: Орындыққа байлап қойып, тәпішкемен ұрған: Астанада балабақшада балаларды ұруға қатысты қылмыстық іс қозғалды 

Ақтөбедегі қанды оқиға: Ер адам жанжал кезінде қызды пышақтап өлтірді