12 Тамыз 2026, 19:39 Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Индонезиядағы өрттің түтіні Малайзияға дейін жетті

Индонезияда табиғи өрттер 107 мың гектардан астам аумақты шарпыды.

Өрттің түтіні көршілес Малайзияға да тарап, бірқатар ауданда ауаның сапасы денсаулыққа зиянды деп танылды, деп хабарлайды BAQ.KZ BBC-ге сілтеме жасап.

Өрттен әсіресе, торфты жерлері көп алты провинция қатты зардап шекті. Олар Джамби, Оңтүстік Суматра, Батыс Калимантан, Орталық Калимантан, Оңтүстік Калимантан және Риау провинциялары.

Кейбір аудандарда мектептерде қалыпты сабақтардың өткізілмегеніне үшінші күн болды.

Орталық Калимантан тұрғындарының айтуынша, түтін бір айдан астам уақыт бойы сейілмей тұр. Жекелеген жерлерде өрт адамдар тұратын аудандарға жақындап қалған, ал сөндіруге арналған су қоры азайып барады.

Понтианакта оқушылар қашықтан оқыту форматына көшірілді. Қала билігі түтіннің әсіресе түнде және таңертең қатты білінетінін мәлімдеді.

Ява аралындағы Бромо жанартауының жанында орналасқан ұлттық саябақта өрт бір апта бойы сөнбеді. Тілсіз жау 550 гектарға жуық аумақты жойып жіберді. Саябақтың өзі 8 тамыздан бастап туристер үшін жабық.

Өрттің шығу себебі әлі анықталуда. Жергілікті биліктің алдын ала болжамы бойынша, өрт отты абайсыз пайдаланудан шығуы мүмкін.

Индонезиядағы өрттің түтіні Малайзияның Саравак штатына да жетті. Сериан қаласында ауаның ластану индексі 195 пунктке дейін көтерілді. Мұндай деңгей денсаулыққа зиянды деп есептеледі.

Саравактың кем дегенде тағы тоғыз ауданында ауа сапасының көрсеткіштері қолайсыз аймаққа шығып кетті.

Биыл Индонезия қуатты Эль-Ниньо аясында ұзағырақ әрі құрғақ маусымды бастан кешіруде. Түтінді өрттердің тез таралуына және ұзақ уақыт бойы сөнбеуіне дәл осы қуаңшылық жағдай жасап отыр.

Еске салайық, бұған дейін Канадада орман өрттерінен 20 мыңнан астам адам эвакуацияланғаны хабарланды

Тағы оқи отырыңыз:

Ақмола облысында бір күнде үш орман өрті тіркелді

СҚО-да 15 гектар аумақтағы дала өрті сөндірілді

Қарағандыда үш қабатты ғимараттағы саунадан өрт шықты