Хантавирус әлемге таралып жатыр: Канадада алғашқы жағдай тіркелді
Вирус анықталған канадалық үш адам қаза тапқан MV Hondius круиздік лайнерінің жолаушысы болған.
Канадада ел азаматынан алғаш рет хантавирус анықталды.
The Guardian басылымы таратқан мәліметке сәйкес, хантавирусқа оң нәтиже қазіргі уақытта Британдық Колумбияда карантинде жатқан төрт канадалықтың бірінен анықталған. Олар үш адамның өмірін қиған індет ошағы тіркелген MV Hondius круиздік кемесінің жолаушылары болған.
Ауру жұқтырған адамның екі күн бұрын дене қызуы көтеріліп, басы ауыра бастаған. Осыдан кейін ол тексеру үшін ауруханаға жеткізілген.
Британдық Колумбияның бас санитар дәрігері Бонни Генридің айтуынша, тест нәтижесі «алдын ала оң» болып шыққан. Қорытындыны нақтылау үшін сынама Виннипегтегі ұлттық зертханаға жіберілген. Оның сөзінше, науқастың жағдайы тұрақты, белгілері жеңіл және ол дәрігерлердің бақылауында жатыр.
Науқастың серіктесінен вирус анықталмаған. Соған қарамастан, ол да бақылауды жалғастыру үшін ауруханада қалып отыр. Вирус жұқтырған адаммен байланыста болған тағы бір адам сақтық мақсатында ауруханаға жатқызылған. Төртінші адам үй жағдайында карантинде отыр.
Еске салайық, бұған дейін туристер мінген лайнерде қауіпті вирус тарап, үш адам қайтыс болғаны туралы жаздық.
Сондай-ақ ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус карантинге жабылған круиздік лайнерді жеке қарсы алу үшін Тенерифеге барғаны хабарланған. Оның алдында ол жаңа пандемия басталды деген жалған ақпараттарды жоққа шығаруға мәжбүр болды.
Сондай-ақ қауіпті хантавирус тараған MV Hondius круиздік лайнерінің жолаушыларына әлем бойынша іздеу жарияланды.
10 мамырда бортында хантавирус індеті тіркелген MV Hondius круиздік лайнері Канар аралдарындағы Тенерифе жағалауына жеткені айтылды.