Қауіпті хантавирус тараған MV Hondius круиздік лайнерінің жолаушылары әлем бойынша іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters-ке сілтеме жасап.
Инфекция туралы ақпарат жарияланбай тұрып, жолаушылардың бір бөлігі кемеден түсіп кеткен.
ДДҰ мәліметінше, кеме бортында үш адам қайтыс болған. Тағы сегіз адам вирус жұқтырған болуы мүмкін. Қазір лайнер Кабо-Верде жағалауында тұр және Испанияның Тенерифе аралына бет алған.
Нидерланд билігі аралық аялдама кезінде шамамен 40 адамның кемеден түсіп кеткенін хабарлады. Олардың нақты қайда жүргені белгісіз.
Мамандар науқастардан хантавирустың Анд штамын анықтаған. Ол сирек жағдайда адамнан адамға жұғуы мүмкін. АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы халық үшін қауіп деңгейі әзірге төмен екенін мәлімдеді.
Қазір үш науқас эвакуацияланып, ем қабылдап жатыр. Тенерифеге жеткен соң жолаушылар өз елдеріне қайтарылады, ал Испания азаматтарының бір бөлігі карантинге жіберіледі.