Францияда коменданттық сағат енгізілді
Францияда тәртіпсіздіктерге байланысты Париждің екі ауданында коменданттық сағат енгізілді
Франция астанасы Париждің екі ауданында тәртіпсіздіктер мен тонаудың алдын алу үшін түнгі коменданттық сағат енгізілді. Шектеу дүйсенбі күні сағат 23:00-ден сейсенбі күні таңғы 06:00-ге дейін күшінде болады, деп хабарлайды BAQ.KZ AP-ге сілтеме жасап.
Париж полициясының мәліметінше, шектеу Республика алаңы мен Les Halles сауда ауданын қамтиды. Бұл жерлерде сенбі күні тәртіпсіздіктер мен тонаушылық оқиғалары болған. Сонымен қатар, кешкі сағат 20:00-ден бастап жиналыстар мен демонстрациялар өткізуге тыйым салынды.
Елдің бірнеше қаласында кәмелетке толмағандарға да түнгі шектеулер енгізілді. Мәселен, Лилль қаласында 18 жасқа толмағандарға сағат 20:00-ден таңғы 06:00-ге дейін, ал Ниццада сағат 21:00-ден бастап коменданттық сағат белгіленді.
Франция бойынша наразылықтар мен тәртіпсіздіктер кезінде кемінде 2 400 адам ұсталған. Биліктің мәліметінше, бірнеше қалада кемінде 3 мың кәсіпкерлік нысан бүлінген немесе тоналған.
Осы жағдайдан кейін Францияның ішкі істер министрі Лоран Нуньес отставкаға кетуге өтініш берген. Алайда президент Эмманюэль Макрон оны қабылдамады. Сонымен қатар, президент тәртіпсіздіктерге әкелген жоспарлау мен ақпарат жинаудағы кемшіліктерді ашық тексеруді және полиция жұмысына жаңа тәсілдерді жедел енгізуді тапсырды.
Еске салайық, бұған дейін Франциядағы наразылықтарға байланысты полиция 400 адамды ұстаған еді.
Тағы оқи отырыңыз:
Франциядағы тәртіпсіздіктер: Макрон үкіметтен шұғыл шара қабылдауды талап етті
Францияда люкс бутиктер тоналып, қоғамдық ғимараттар өртенді: Тәртіпсіздік неден басталды?