6 Қазан 2026, 18:31 Фото: nobelpeaceprize.org

Физика саласы бойынша Нобель сыйлығының иегері белгілі болды

Физика бағыты бойынша 2026 жылғы Нобель сыйлығы Висконсин-Мэдисон университетінің профессоры, бельгиялық ғалым Фрэнсис Хальценге берілді. Ол «Антарктидадағы IceCube нейтрино обсерваториясын құруға қосқан үлесі және астрофизикалық шығу тегі бар нейтриноларды ашқаны үшін» марапатталды.

Нобель комитетінің мәліметінше, Хальцен 1988 жылы нейтриноларды анықтау үшін Оңтүстік полюстегі мұзды пайдалануды ұсынған. Мұздың ішінде нейтрино атом ядросымен соқтығысқан кезде пайда болатын жарық жарқылдарын арнайы датчиктер арқылы тіркеуге болады.

IceCube обсерваториясы Антарктида мұзының бір текше шақырымына орналастырылған жарық датчиктерінен тұрады. Нысанды орнату жұмыстары 2011 жылы аяқталған. Кейін зерттеушілер жоғары энергиялы нейтриноларды анықтап, олардың бір бөлігі Күн жүйесінен тыс жерде пайда болатынын анықтады.

Нейтринолар затпен өте сирек әрекеттесетіндіктен, олар Жер мен адам денесі арқылы байқалмай өте алады. Ғалымдардың айтуынша, осы ерекшелік оларды ғарыштағы аса қуатты құбылыстарды зерттеудің маңызды құралына айналдырады.

Нобель комитетінің физика саласындағы төрағасы Марк Пирстің айтуынша, Хальцен халықаралық зерттеушілер мен инженерлер тобын басқарып, астрономияның жаңа бағытына жол ашқан.

Фрэнсис Хальцен 1944 жылы Бельгияның Тинен қаласында дүниеге келген. 1969 жылы Левен католик университетінде философия докторы дәрежесін алған.

Еске сала кетейік, 2026 жылы Нобель сыйлығының ақшалай мөлшері әр санат бойынша 12 миллион швед кронына, яғни шамамен 1,22 миллион долларға дейін ұлғайтылғаны хабарланды.

Тағы оқи отырыңыз:

Қазақ жазушысы Нобель ала ма? – Белгілі қаламгер кедергілерді атады

Қырғызстанда Олжас Сүлейменовке Нобель сыйлығын беру ұсынылды