Бүгiн 2026, 10:10 Фото: pixabay.com

Еуропада хантавирус өршіп тұр: ДДСҰ басшысы үндеу жасады

ДДСҰ мен бірнеше елдің билігі індеттің таралуын бақылау шараларын күшейтіп жатыр.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Еуропада хантавирустың таралуына байланысты жағдайға пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі уақытта вирустың адам денсаулығына төндіретін қаупі төмен болып отырғанымен, халықаралық денсаулық сақтау саласындағы күш-жігерді барша адамның, соның ішінде MV Hondius лайнерінің жолаушылары мен экипажының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағыттау маңызды, – деп жазды Гутерриш X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Ол қазір Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп хантавирустың өршуін бақылау шараларын жүргізіп жатқан барлық мемлекет билігіне қолдау білдірді.

Еске салайық, бұған дейін туристер мінген лайнерде қауіпті вирус тарап, үш адам қайтыс болғаны туралы жаздық.

Сондай-ақ ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус карантинге жабылған круиздік лайнерді жеке қарсы алу үшін Тенерифеге барғаны хабарланған. Оның алдында ол жаңа пандемия басталды деген жалған ақпараттарды жоққа шығаруға мәжбүр болды.

Сондай-ақ қауіпті хантавирус тараған MV Hondius круиздік лайнерінің жолаушыларына әлем бойынша іздеу жарияланды.

10 мамырда бортында хантавирус індеті тіркелген MV Hondius круиздік лайнері Канар аралдарындағы Тенерифе жағалауына жеткені айтылды.

Ал кеше, 11 мамырда Хантавирус ошағы анықталған MV Hondius круиздік лайнерінен ондаған жолаушы елдеріне қайтарылып жатқаны белгілі болды.