Есірткі тасымалдайтын жасөспірімдер қанша жылға сотталады?

Есірткі тасымалдайтын кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер бос бостандығынан айырыла ма? Бұл сұраққа ОКҚ алаңында өткен брифингте ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бақытжан Әмірханов есірткі тасымалдаушыларға жасына және басқа жағдайларға қарай орташа есеппен 7,5 жылға бас бостандығынан айырылатынын айтты. Бұл кәмелетке толмағандарға да қатысты.

Әрине, оларды Telegram арналары арқылы лақап атпен куратор жұмысқа алған кезде жасөспірімдердің ойын адастырады. Мысалы, «егер полиция сені ұстаса, олар сені кәмелетке толмағандықтан босатады» дейді. Бірақ бұл – миф. Олар кәмелетке толмаған болса да, түрмеде отырғаны шындық. Түрмедегі ең жас есірткі тасымалдаушының жасы 14-те, - деді Әмірханов.

Оның сөзінше, жастарды алдап-арбайтын кураторлар есірткі топтарын ұйымдастырғаны үшін 25 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бүгінгі күні заң одан сайын қатаңдатылып жатыр.

Еске салсақ, 10 айдың ішінде 33 мың келі есірткі тәркіленгенін, Есірткі жарнамасы жүргізілетін танымал платформа анықталғанын, төрт облыста 20 есірткі плантациясы табылғаны туралы жазған болатынбыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы