Есірткі ақшасын криптовалютаға айналдырғандар сотталды: 1 млрд теңгеден астам қаржы тәркіленді
Қызылордада заңсыз криптоайырбас пен ақшаны жылыстату схемасы әшкереленді. Қылмысқа дропперлер де тартылған.
Қызылорда облысында криптовалютаны заңсыз айырбастап, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырған адамдарға сот үкімі шықты. Олар Binance платформасының P2P қызметін пайдаланып, 1 млрд теңгеден астам сомаға цифрлық активтерді заңсыз сатқан. Қылмыстық әрекеттен түскен табыс 178 млн теңгеге жеткен.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, тергеу барысында күдіктілердің тиісті рұқсатсыз, «Астана» халықаралық қаржы орталығының сауда алаңдарынан тыс жерде криптовалюта айырбастаумен айналысқаны анықталған. Олар операцияларды Binance платформасының P2P қызметі арқылы жүргізген.
Соның нәтижесінде 1 млрд теңгеден астам сомаға цифрлық активтер сатылып, заңсыз айырбастаудан түскен табыс 178 млн теңгені құраған.
Сонымен қатар сотталғандардың бірі есірткі саудасынан түскен ақшаны заңдастыру схемасына қатысқан. Ол ақша қабылдау және оны басқа шоттарға аудару үшін өздерінің банк шоттарын пайдалануға берген адамдарды, яғни дропперлерді тартқан.
Аталған шоттар арқылы 600 млн теңгеден астам қаражат аударылған. Кейін бұл ақша криптовалютаға айырбасталып, есірткі саудасымен айналысатын тұлғалардың криптоәмияндарына жіберілген. Тергеу мәліметінше, мұндай аударымдардың жалпы көлемі 277 мың USDT-ге жеткен, - деп хабарлады ҚМА.
Қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру мақсатында сотталғандар жүк көліктері мен тіркемелер сатып алған. Алайда мүлікті өз аттарына емес, жақын туыстарының атына рәсімдеген. Кейін сатып алынған көліктерді кәсіпкерлік қызметте пайдаланып, заңды тұлғаларға жалға берген.
Сот үкімімен айыпталушылардың біріне үш жыл, екіншісіне екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар төрт арнайы техника мен қылмыстық жолмен алынған 1 млрд теңгеден астам табыс мемлекет пайдасына тәркіленді.
Үкім заңды күшіне енді.
Тағы оқи отырыңыз: «Ақшаңызды екі еселеп беремін»: Астанада жалған инвестиция ұсынған әйел ұсталды
Пәтерден 17 млн теңгенің алтынын үптеп кеткен: Тараздағы аса ірі мөлшерде ұрлық жасағандар ұсталды
Қостанайда 86 жастағы қарияны өлтірді деген күдікпен жасөспірім ұсталды