Еріктілер елордадағы өртпен екінші күн арпалысқандарды ыстық тамақпен қамтыды
Елордалық ТЖД өрт сөндіру бөлімшелері Қорғалжын тас жолы мен Қосшы қаласына қарай айналма жол арасындағы қураған шөп пен қамыстың өртенуін сөндіруде екінші тәулік күрес жүргізуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазіргі уақытта өрт сөндірушілер құрғақ шөптің бықсыған жерлерін жекелеген ошақтарын сөндіруде.
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов елорда маңындағы ТЖ орнына барып, өртті тез арада сөндіру үшін күштер мен құралдар топтамасын тиімді жұмылдырылуын, ТЖМ Казавиақұтқару авиатехникасын қосымша тартуды тапсырды. Қазіргі уақытта өрт сөндіруге Қазавиақұтқару су ағызу құрылғысы бар МИ-8 борты қосымша тартылып, бүгін таңертеңнен бастап өрт ошақтарына әуеден 17 рет 51 тонна су төкті. Өрт басталғалы бері барлығы Қорғаныс министрлігінің және «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшақтары өрт ошақтарына әуеден 59 рет 198 тонна су төкті, - деп атап өтті ведомство.
Өрт сөндіру орнында Астана қаласы, Ақмола және Қарағанды облыстары ТЖД жеке құрамының 185 адамы және 37 бірлік техникасы, қала әкімдігінің 6 суару машинасы жұмылдырылды.
Астана қаласының әкімдігі және де өз еріктерімен Клуб добряков еріктілер командасы елордалық өрт сөндірушілерді ыстық тамақпен және сусынмен қамтамасыз етті.
Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындардан ережелерді сақтауға кеңес береді. Өрт қауіпсіздігін, балалар отпен ойнамауын қадағалаңыз, темекі тұқылын тастамаңыз! Өрт қауіпті кезеңде өрттің пайда болу қаупі артады. Әсіресе, отпен абайсыз болу жағдайлары артады. Өрт анықталған жағдайда дереу 101 нөмірі бойынша хабарлау қажет, - деп ескертті ТЖД мамандары.
Еске сала кетейік, кеше таңертең Астана іргесіндегі Қорғалжын тасы жолы мен Қосшы қаласына қарай айналма жолдың арасында қураған ағаштың өртеніп жатқаны анықталды. Өртті сөндіруге басында жеке құрамның 15 маманы мен 3 техникасы жұмылдырылды.
Алайда Астанада қатты жел тұрып, жағдайды ушықтырып жіберді.
19 маусым сағат 15:00-дегі жағдай бойынша өртті сөндіруге жеке құрамның 140 адамы және Төтенше жағдай департаментінің 12 техникасы, әкімдіктің сегіз суару машинасы және Астана орманның 10 техникасы жұмылдырылыпты.
Қаланы түтін басып, демалу қиындады. Осыған байланысты қаланың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тұрғындарды көшеге еш себепсіз шықпауға, пәтердің терезелерін ашпауға, көшеде бетперде тағып жүруге шақырды.
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Премьер-министр Әлихан Смайыловқа есеп беріп, тұрғын үйлерге қауіп төніп тұрған жоқ екенін айтты.
19 маусым сағат 17:30-дағы жағдай бойынша алапат өртті сөндіруге Астана қаласы ТЖД жеке құрамының 158 адамы мен 33 техникасы, сондай-ақ қала әкімдігі мен Астана Орманы техникасы, Қорғаныс министрлігінің екі МИ-17 тікұшағы тартылды.
Кеше BAQ.KZ тілшісі оқиға орнына барып жағдайды біліп қайтты. Сағат 18:52-дегі жағдай бойынша өрт әлі толықтай сөндірілмеген. Алдын ала болжам бойынша 15 гектар аумақта өртті сөндіру жұмысын жүргізіліп жатты.
Өртті сөндіруге Ақмола мен Қарағанды облыстарынан көмек келетіні хабарланды.
ТЖМ мәліметінше, сағат 21:09-да астана маңында болған өрт оқшауланды.