COVID-19: Қазақстан індетпен күресте қалай әрекет етуде?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тұтас әлемді дүрліктірген COVID-19 вирусымен әр ел шама-шарқынша күресіп жатыр. Дерт біздің елді де айналып өтпеді. Қазақстан індетпен күресте қалай әрекет етуде? Вирустың таралмауы жолында қандай шаралар қолға алынып, нендей әрекеттер іске асырылды? Аздап шолу жасап көрсек...
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылдың 16 наурызы мен15 сәуірі аралығында төтенше жағдай енгізілген болатын. Жағдайға қатысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жолдап, Үкіметке әр сала бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Ал 30 наурыздан бастап, елордадағы төтенше жағдай күшейтілген режимге көшті. Алайда президент күні кеше карантин мерзімін сәуір айының соңына дейін ұзартуға тура келетінін айтты.
Нұр-Сұлтан қаласындағы күрес шаралары әуежай, вокзал, әлеуметтік нысандар, базарлар, сауда ойын-сауық орталықтарында, адамдар көп жиналатын орындарда және т.б. коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында дезинфекциялау шараларын күшейтумен басталды. Сонымен қатар, вирустың дендеп кетуіне қарсы шаралар қабылданды: жедел штаб жұмыс құрылып, коронавирустық инфекция жағдайлары анықталған кезде жасалатын іс-қимыл алгоритмі әзірленді. Сондай-ақ, алдағы күндері халық көп жиналатын орындарда және ауруханалардың аумағында дезинфекциялық кешендер орнатылады.
Еліміздің барлық мектебі қашықтан оқыту әдісіне көшті. ІV тоқсанды биылғы оқу жылында барлық мектеп қашықтан оқу әдісімен бастады. Әр облыс, қала, аудандарда әдістемелік көмек көрсету бойынша 1450 нөміріндегі Call-орталықтар жұмыс істейді. Биыл алғашқы жартыжылдықта ел аумағында шетелдік спортшылардың қатысуымен өтетін спорттық жарыстардың өткізу уақыты өзгертілді.
Карантин басталғалы ірі сауда нысандары мен сауда ойын-сауық орталықтарының жұмыс істеуіне де шектеу қойылды. "Air Astana" сәуірдің соңына дейін барлық рейсін тоқтатты.
Төтенше жағдай кезінде полицейлер көше аралайтын болады. Карантин режимінде азық-түлікке, дүкенге, медициналық мекемелерге, дәріханаға, жұмысқа немесе итпен серуендеуге шығудан басқа жағдайда адамдар сыртта жүрсе, карантин режимі бұзылған болып есептеледі. Ондай жағдайда полиция қызметкерлері қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік хаттама толтырады.
Көшелерде және өзге де қоғамдық орындарда үш адамнан астам жиналған топтық жиналыстарға тыйым салынды. Полиция департаменті енгізілген шектеулерді сақтау бойынша патрульдеу ұйымдастырды.
Қазақстан Қарулы күштерінің әскери-медициналық қызметі әскери-медициналық мекемелер мен қызметкерлерді, жабдықтар мен құралдарды науқастарды қабылдауға, емдеуге және карантинге дайындау бойынша қосымша шаралар қабылдады.
Қазақстанда төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларға алғашқы күннен бастап Қарулы күштер, оның ішінде әуе қорғаныс күштері де белсенді түрде қатысуда. Ұшқыштар қарапайым және күрделі метеорологиялық жағдайларда, күндіз және түнде де жолаушыларды, жүктерді тасымалдауға тиісті рұқсаты бар ұшу экипаждарының тәуліктік кезекшілігі ұйымдастырылды.
Ал Алматы маңында небәрі 72 сағатта әскери-далалық госпиталь ашылды. Мекеме 100 төсек-орынға арналған. Онда қабылдау және диагностикалық бөлімшелер, дәріхана, операциялық блок пен жан сақтау бөлімшесі бар. Сондай-ақ, рентгендік тексеру, өкпені жасанды желдету құралдарымен жабдықталған.
2 сәуір күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы қаулыға қол қойған болатын. Бұл жарлықтың негізгі мазмұны - әкімдерге әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыруға құқық және мүмкіндік беру. Басты мақсат – халқымыздың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау. Қазір Қазақстанның төрт өңірінде президенттің әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыру туралы жарлығы бойынша жасақ құру мәселесі қарастырылып жатыр.
Карантин кезінде барлық зейнеткер үйлерінде отырып, зейнетақыларын ала алады. Енді "Қазпошта" қызметкерлері зейнетақыны үй-үйге жеткізеді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге 1-15 сәуір аралығында зейнетақыны үйге жеткізу кестесін бекітті. Ал қазақстандық сегіз банк картаға онлайн тапсырыс беру және тегін жеткізу қызметтерін ұсынады.
"Біз біргеміз" акциясы аясында еліміздің әр түкпіріндегі кәсіпкерлер, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен еріктілер тобы да жақсылық жасап жарысуда. Олар көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, қарттарға және мүгедектерге азық-түлік, медициналық маска мен қолғап салынған қорап таратуда.
Қайырымды іс жасаудан өнерпаздар да қалыс қалмақ емес. Түрлі мәдениет ошақтарының жұмысы уақытша тоқтатылғанымен, мәдениет саласының қызметкерлері жұмыстарын үй жағдайында жалғастыруда. Бұған Ертіс өңірінің "Біз біргеміз" онлайн-концерті дәлел.
Тағы бір айта кетерлігі, әнші Димаш Құдайберген Нұр-Сұлтан және Ақтөбе қаласындағы 100 отбасыға 5 тонна азық-түлік жіберсе, әлемге әйгілі қытайлық кәсіпкер Джек Ма Қазақстанға медициналық қорғаныс құралдарын жолдады.
"Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің" деген халық даналығын ұстанған Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы да елордада қайырымдылық шарасын бастап, бір апта ішінде 6 мыңға жуық көмекке мұқтаж отбасыға көмек көрсетті.
Сонымен қатар, ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Бірлесе білген ел бәрін жеңеді" мақаласын жариялап, халыққа қолдау білдірді.
Вирусқа қарсы емдік шараларына қатысты жағымды жаңалық та жоқ емес. Масғұт Айқымбаев атындағы Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы мен Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық биотехнология орталығы COVID-19 коронавирусын анықтауға арналған диагностикалық тест жүйесін әзірлеп шықты. Ал биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты Ұлттық биотехнология орталығымен бірлесіп, коронавирус инфекциясына қарсы вакцина әзірлеуге кірісіп кетті.
Сондай-ақ, 9 сәуірде Қазақстанға Қытайдың Шыңжан-Ұйғыр автономды ауданынан 10 дәрігер келді. Қытай делегациясының миссиясы – қазақстандық медицина қызметкерлеріне COVID-19 қарсы күресте консультациялық әдістемелік көмек көрсету, оның ішінде COVID-19 алдын алу және бақылаудың Қытай тәжірибесімен, жақын байланыстарды анықтау және оқшаулау тетіктерімен танысу, қолданыстағы клиникалық емдеу хаттамаларына ұсыныстар беру. Дәрігерлер 15 күн бойы ел мамандарымен тәжірибе алмасады.
Тағы бір жағымды жаңалық, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне көмек көрсету туралы тапсырмасына сәйкес, елдің әр өңіріндегі дәрігерлерге үстемақы төлене бастады.
Соңғы мәліметтер бойынша, елімізде коронавирус жұқтырғандар саны – 979. Дерттен 110 адам жазылып шықса, 12 адам көз жұмды. Әлемде індет жұқтырғандар 1,6 миллионнан, көз жұмғандар 100 мыңнан асқан.