Карантин. Әскери-медициналық мекемелер дайындала бастады

6 Сәуір 2020, 23:46
2275
Бөлісу:
Карантин. Әскери-медициналық мекемелер дайындала бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Қарулы Күштерінің Әскери-медициналық қызметі әскери-медициналық мекемелер мен қызметкерлерді, жабдықтар мен құралдарды науқастарды қабылдауға, емдеуге және карантинге дайындау бойынша қосымша шаралар қабылдады.

Сонымен қатар, Бас әскери клиникалық госпитальдің анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесі даярлыққа келтірілді. Ол аталмыш пневмонияның ең күрделі жағдайларын, соның ішінде вирусты жағдайларды емдеуге мүмкіндік беретін заманауи өкпені жасанды желдету құралдарымен жабдықталған. Медициналық жабдықтардың толық іс-əрекеті өкпенің ауыр жағдайы бар науқастарға диагностика, емдеу және бақылау жүргізуге, реанимациялық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Бөлімшенің жеке құрамы қажетті қорғаныс құралдарымен және 2-3 дәрежелі қорғаныш киімдерімен қамтамасыз етілген. Күн сайын медициналық мамандармен COVID-19 науқастарының келіп түсуі жағдайында әрекет алгоритмі бойынша сабақтар мен арнайы тренингтер өткізіледі.

Бұдан бөлек, әскери госпитальдар мен лазареттерде дайындалған жұқпалы аурулар бөлімшелеріне қосымша жақын арада Алматыдан 30 шақырым жерде заманауи мобильді далалық госпиталь ашылды. Тараздан тасымалдауды қоса алғанда, толық госпиталді өрістету үшін тек 2,5 тәулік қажет болды. 100 төсек-орынға арналған госпиталь қабылдау және диагностикалық бөлімшелерден, операциялық блоктардан, анестезиология және реанимация бөлімшесінен, эвакуациялық бөлімшеден, ординаторлық бөлме мен дәріханадан тұрады. Ол рентгендік тексеру жүргізуге арналған сапалы жабдықтармен, өкпені жасанды желдету зертханаларымен және құралдармен жабдықталған.

Госпиталь жылыту және ауа баптау жүйелерімен жабдықталған, сондай-ақ тазалық тораптары мен жуыну бөлмелері бар.

Оның жанында 300 орындық екі ғимарат жөнделіп, карантин кезеңінде пайдалануға дайын тұр, оған қоса 500 орындық шатырлы лагерь ашылып, карантин кезеңінде пайдалануға дайын тұр,

Сонымен қатар, Нұр-Сұлтанда да қосымша резервтік әскери-медициналық қор дайындалды. Елордада екі ғимаратта 160 орын дайындалып, сондай-ақ 500 орындық шатырлы лагерь ашылып, науқастарға көмек көрсету бойынша əзірлікке келтірілді.

Әскери-медициналық қызметтің күштері мен құралдары қысқа мерзімде коронавирусқа қарсы күреске жұмылдырылған. Әскери дәрігерлер инфекцияның таралуы мен алдын алу шараларын әзірлеп, енгізді. Олар әскери қызметшілердің денсаулық жағдайын бақылауда ұстайды және басқа мемлекеттік органдарға көмек көрсетеді.

Өзгелердің жаңалығы