28 Шілде 2026, 17:12 Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

«Болашақ ойындары» Қазақстанға қанша турист әкеледі? Ұйымдастырушылар жауап берді

«Болашақ ойындары – 2026» Қазақстанға қанша шетелдік турист әкеледі? Ұйымдастырушылар әзірге нақты санды атамады, бірақ нәтижесі көпшілікті таңғалдыруы мүмкін.

«Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирі аяқталғаннан кейін Қазақстанға келген шетелдік туристердің нақты саны белгілі болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Қазспортинвест» АҚ президенті Әлібек Хасенов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта билет сату платформасы арқылы шетелден, әсіресе ТМД елдерінен билеттердің сатып алынып жатқанын көруге болады. Алайда турнирге келген шетелдік қонақтардың нақты саны ойындар аяқталған соң жарияланады.

Ойындар қорытындысы бойынша міндетті түрде есеп беріп, біздің іс-шарамызға қанша шетелдік турист келгенін айтамыз. Менің ойымша, бұл біз мақтан тұтатын үлкен көрсеткіш болады, – деді Әлібек Хасенов.

Ол ұйымдастырушылардың биыл «Болашақ ойындары» мен 5-9 тамыз аралығында өтетін Comic Con фестивалін өзара сабақтастыра өткізуді көздеп отырғанын айтты. Себебі екі іс-шараның да негізгі аудиториясы – 12 мен 35 жас аралығындағы жастар.

Біз Comic Con ұйымдастырушыларымен өте жақсы әріптестік орнаттық. Өйткені екі жобаның да мақсатты аудиториясы бір. Сондықтан “Болашақ ойындарының” кейіпкерлері, граффити стиліндегі визуалды безендірілуі мен жалпы концепциясы жастардың қызығушылығына сай жасалды, – деді ол.

Әлібек Хасеновтің айтуынша, турнирдің басты мақсаты тек ареналарға көрермен жинау емес, әлемдік онлайн аудиторияның назарын Қазақстанға аудару.

Фиджитал-спорт пен киберспорттың негізгі аудиториясы – онлайн көрермендер. Аренаға ең көбі 2–2,5 мың адам келеді, ал интернет арқылы жарысты миллиондаған адам тамашалай алады. Сондықтан біздің басты міндетіміз – дәл осы онлайн аудиторияның назарын аударып, оларды Қазақстанның мәдениетімен және жетістіктерімен таныстыру, – деді ол.

Сонымен қатар ол Қазақстанның цифрлық даму бағытында Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекеттердің бірі екенін атап өтті.

Біз үшін ең маңыздысы – стримингтік платформалардағы трансляцияның сапасын қамтамасыз ету және жарыстарды көрерменнің қызығушылығын үзбей тамашалайтындай деңгейде ұйымдастыру. Осы арқылы Қазақстанның жетістіктерін бүкіл әлемге көрсетуге мүмкіндік аламыз, – деді «Қазспортинвест» АҚ президенті.

Еске салсақ, бұған дейін Dota 2 турниріне жалпы 16 команда қатысып, 1 миллион АҚШ доллары көлеміндегі жүлде қорын сарапқа салатыны хабарланды.

Сондай-ақ, «Болашақ ойындары – 2026» – турнирдің жүлде қоры 4,65 млн доллар екені хабарланды

«Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирі 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада өтеді. Дүбірлі додаға 50-ден астам ұлттың 800-ден астам спортшысы қатысады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астанада 29 шілде күні «Болашақ ойындары-2026» халықаралық фиджитал-турнирі басталады. Премьер-министр Олжас Бектенов Астананың спорттық және қалалық инфрақұрылымын үшінші халықаралық мультиспорттық турнирді өткізуге дайындау барысымен танысты.

Сондай-ақ, Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирі аясында елордаға келген Халықаралық киберспорт федерациясының президенті Влад Маринескуді Астана халықаралық әуежайынан қарсы алды.